Инватакси, пандус, арнайы кабиналар: Қызылордада мүгедектігі бар сайлаушылар дауыс беріп жатыр

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасалды.

Фото: Өңірлік коммуникация қызметі

Өңірлік коммуникация қызметі хабарлағандай, аймақта 21431 мүгедектігі бар адам сайлауға қатысуға құқылы.

- Сайлау науқанында қала және аудандардағы дауыс берушілерге барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, кіреберіс қоңырау, пандус, тактильді жолдар мен тақтайшалар, мүгедектігі бар адамдарға арналған дауыс беру кабинасы қойылған. Сондай-ақ жүріп-тұруы қиын азаматтардың үйден дауыс беруіне мүмкіндік берілді, - делінген хабарламада.

Фото: Өңірлік коммуникация қызметі

Одан бөлек мүмкіндігі шектеулі және жүріп-тұруы қиын азаматтарға арнап Қызылорда қаласында инватакси қызметі ұйымдастырылды.

- Арнайы көлік қызметін пайдаланған азаматтар сайлау учаскелеріне жеткізіліп, таңдауын жасап жатыр. Қаладағы әлеуметтік қамсыздандыру мекемесінде арнайы сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Бұл – әрбір азаматтың сайлау құқығын кедергісіз жүзеге асыруына мүмкіндік беретін маңызды қолдау, - деп мәлімдеді өңірлік коммуникация қызметі.

Айта кетейік, өңірде 386 сайлау учаскесі және 500 мыңнан астам сайлаушы бар.