Инвестиция үшін тартымды үздік үш сала

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда мұнай өнімдерін өндіру саласында 200 млрд теңгеден астам инвестиция салынды. Бұл осыдан бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 80 пайыздан астам көп, деп хабарлайды ҚазАқпарат energyprom.kz сайтына сілтеме жасап.

Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысында қайта өңдеу саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі жылдан жылға 7,2 пайызға өсіп, 411,1 млрд теңгеге жетті. Бұл Қазақстан бойынша жалпы инвестициялық көлемнің 15,5 пайызын және өнеркәсіптегі барлық инвестицияның 22 пайызын құрайды. Аталған инвестицияның 60 пайыздан астамы үш негізгі мұнайды қайта өңдейтін өңірлерге тиесілі. Атап айтқанда, Атырау облысына 115,3 млрд теңге, Павлодар облысына 76 млрд теңге және Оңтүстік Қазақстан облысына 59,1 млрд теңге салынды.

Бүгінгі күні республикадағы мұнай өңдеу зауыттарын  жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атырау зауыты жаңғыртылғаннан кейін жылдық қуаты 5-тен 5,5 млн тоннаға дейін артады. Автомобиль бензинін өндіру жылына 1745 мың тоннаға дейін, дизель отыны 1640 мың тоннаға дейін, авиа керосин 244 мың тоннаға дейін ұлғаяды. Ал бүгінгі күні Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстары аяқталған. Павлодар мұнай-химия зауытында жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Зауыт толық іске қосылғаннан кейін жоғары октанды бензин шығару көлемі жылына 297 мың тоннаға артатын болады.

Инвестиция үшін тартымды салалардың қатарына металлургия өнеркәсібі де бар. Айта кетерлігі, металлургияға салынатын инвестиция көлемі қысқарғанымен дайын металл бұйымдарын өндіру саласына құйылатын қаржы көлемі бір жылдың ішінде 81,3 пайызға артып, 8,1 млрд теңгені құрады. Ал машина жасау саласына салынған инвестиция көлемі 4 есеге артып, 24,2 млрд теңгеге жетіп отыр.

Үздік үштікті тамақ өнеркәсібі тұйықтайды. 2017 жылдың бірінші жартысында бұл салаға салынған инвестицияның 55,1 пайызы (226,6 млрд теңге) бизнестің өз қаржысы.  Ал қалғандары - банк насиелері (129 млрд теңге) мен басқа заем қаражаттар (55,5 млрд теңге).