«Инвестициялар ел игілігі үшін игерілуі керек» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 12 сәуір, сенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Ұлттық инвесторлар кеңесінің екінші отырысы өткен болатын. Аталған алқалы жиын арқау болған мақала ел газеті « Егемен Қазақстанның » сенбілік санында « Инвестициялар ел игілігі үшін игерілуі керек » деген тақырыппен беріліп отыр. Басылымның жазуынша, жиын барысында Мемлекет басшысы қолжетімді көлеңкелі рынокты дамыту, яғни қаржы секторын долларланудан арылту үшін ынталандыру пакетін әзірлеу жөнінде тапсырма берді. Мұндай инвестициялардың ішкі көздеріне Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтері ықпал еткен болар еді. «Ұлттық банкке Үкіметпен бірлесе отырып, бірінші маусымға дейін Қор активтерін инвестициялау, соның ішінде банктердің ұзақ мерзімді депозиттерін орналастыру стратегиясын әзірлеуді тапсырамын», деді Н. Назарбаев. Мемлекет басшысы сонымен қоса 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап, халықтың кірісін жалпыға ортақ декларациялаудың енгізілетіндігін, мұнан кейін шығындарды декларациялаудың қолға алынатындығын да еске салды. «Бұл шара біздің экономикамыздың үлкен бөлігін көлеңкеден алып шығып, бізді дамыған елдердің экономикалық транспаренттілік деңгейіне жақындатады. Көлеңкелі экономика - экономиканы тұрақты дамытудың бірінші жауы және сыбайлас жемқорлықтың ең жақын досы. Барлық дамыған елдер тек ХХІ ғасырдың басында ғана жалпыға ортақ декларациялау үдерісін аяқтап, оны жолға қойды», деді Елбасы.

Осы басылымның жазуынша, Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерінің Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі шартының соңғы нұсқасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сайтында бірер күнде жарияланатын көрінеді. «Келесі айдың соңына таман Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойылады. Сөйтіп, келісім алдағы жылдың бірінші қаңтарынан күшіне енеді. Осылай, еуразиялық интеграция өзінің келесі кезеңіне қадам басатын болады», деген Р.Ошақбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. Оның айтуына қарағанда, Қазақстанның бизнес-қауымдастығы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының пікір алмасу алаңы арқылы осы шартты жасауда қазақстандық ұстанымды нақтылауға белсенді түрде тартылыпты. Мақала «Ұтылыстан ұтарымыз көп» деген тақырыппен берілген.

***

Еуразиялық экономикалық одақ идеясын Қазақстан Президенті Назарбаев осыдан 20 жыл бұрын Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қабырғасында айтқаны белгілі. Енді Елбасы ұсынған бастаманың жүзеге асар күні де алыс емес. Осы орайда « Айқын» газетіне сұхбат берген Экономикалық интеграция істері жөніндегі министр Жанар Айтжанова Елбасы бастамасымен құрылған одаққа қатысты не істелініп жатыр, не істелінбек деген сауалдар төңірегінде сөз қозғаған. Басылым тілшісі сауалдарына тұщымды жауап берген министр: «Біріншіден, Еуразиялық экономикалық одақ - ол ең алдымен, саяси егемендікке ешқандай нұқсан келтірместен, тауарлардың, қызметтердің, инвестициялардың, еңбек ресурстарының кәсіпкерлік белсенділіктің алға басуы үшін кедергілерді алып тастау мақсатын көздейтін экономикалық бірлестік. Екіншіден, бұқаралық ақпарат құралдары ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан алғанда сезімтал мәселелердің қатарына жатады, сондықтан ол экономикалық интеграция құралы болып табылмайды және ешқандай түрде құрылатын одақтың құзырына берілмек емес. Бұл Қазақстанның ұстанымы болатын, түптеп келгенде, ол біздің барлық әріптестеріміз тарапынан да қолдау тапты. Үшіншіден, жоғары технологиялық салаларды, бірінші кезекте телекоммуникацияны интеграциялау үшін жақсы алғышарттар қаланбақ. Ақпараттық технологиялар саласының мейілінше шапшаң дамитыны баршаға мәлім. Әлемдік брендтер тәжірибесін пайдалана отырып, бірлескен жобалар құру барысында осы жайтты тиімді пайдалану қажет» дейді. Сұхбат «Еуразиялық одақ ел үшін керек» деген тақырыппен берілген.

«Батыс пен Ресейдің Украинаға байланысты теке тіресіне нүкте қойылар емес. Тіпті Украинадағы жағдай реттелгенше сағызша созыла беруі мүмкін. Бұл біздің шаруа емес деуге де болар. Бірақ басында АҚШ тұрған Еуропа елдерінің Ресейге қарсы әр бағытта санкция жариялай бастауының соңы біз үшін де үлкен қауіп болып тұр. Егер АҚШ-пен Еуроодақ санкцияның үшінші кезеңін жүзеге асыратын болса, онда міндетті түрде Ресей көмірсутегі шикізатына құрсау қойылады. Онда біздің де асығымыз алшысынан түспесі хақ» деп жазады « Айқын » газеті сенбілік санындағы « Ұлт ұтылмауы тиіс » деген тақырыптағы мақаласында. Жарияланым авторы белгілі саясаттанушы мен қаржыгерлердің де осы тақырыпқа қатысты пікірін қоса беріп отыр. Мәселен, қаржыгер Илияс Исаев егер Батыс әлемі Ресейге қарсы энергия ресурстарына санкция қолданатын болса, оның салқыны бізге де тиетіндігін ашық айта келе, одан құтылудың да нақты жолдарын көрсетеді. Ал саясаттанушы Сайын Борбасов: «Біз қашан да кез келген жағдайдың алдын алуға тиіспіз. Рас, Батыстың Ресейге қарсы көмірсутегі шикізатына байланысты санкциясы жүзеге асып жатса, онда зиянын шегеріміз хақ. Не істеу керек? Әрине, мұнайды экспорттаудың балама жолын қарастыру қажет. Ол Әзірбайжанға және Грузияның Батуми портына танкер арқылы жеткізу», дейді.

***

« Время » газетінің сенбілік санында « Мен қазақпын! » деген тақырыппен мақала басылды. Тақырыбы қазақ тілінде берілген бұл мақалаға жиырма жыл бойы Қазақстан азаматтығын ала алмай жүрген қандасымыз жайында сөз қозғайды. Басылымның жазуынша, 90-шы жылдардың басында Моңғолиядан Атамекеніне отбасымен қоныс аударған 54 жастағы Шернияз Шұхамай қазіргі уақытта Ақтөбеде тұрып жатыр. Ол осы уақытқа дейін Қазақстан төлқұжатын ала алмай қор болып жүр. «Ол өзінің шығу тегі таза қазақ екендігін дәлелдеу үшін қазақ тілінен, тарихы мен ұлттық дәстүрінен сынақ тапсыруға да шын ниетімен дайын болып отыр», деп жазады басылым.