Алқа отырысында ведомство басшысы жаңа министрліктің құрамы туралы айтқан болатын. «Қайта ұйымдастырудан кейін біріктірілген 4 ведомствоның (Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, Көлік және коммуникация министрлігі, Байланыс және ақпарат агенттігі, Ұлттық ғарыш агенттігі) 68 құрылымдық бөлімшелерінен Инвестициялар және даму министрлігінің құрамында 25 құрылымдық бөлімше қалды. Осылайша, құрылымдық бөлімшелер саны 2,5 астам есеге қысқартылды», - делінген баспасөз баянында.
Енді министрліктің құзыретіне еліміздің индустриялық-инновациялық даму, инвестицияларды тарту мәселелері кіреді. Соның ішінде - өнеркәсіп саласының дамуы (кен өндіруші өнеркәсіп және өңдеу өнеркәсіптері) мен қазақстандық үлесті арттыру саясатын іске асыру, техникалық реттеу, энергияны үнемдеу, көлік және коммуникация, байланыс, ақпарат пен ақпараттандыру, туризм, ғарыш саласы, геология мен жер қойнауын пайдалану, жаңа технологиялар трансферті, өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бар.