Инвестициялық келісімдер бойынша 2009-2015 жылдары 1 триллион 140 миллиард теңге қаржы тарту болжануда - Бақытжан Жақсалиев

МАТЫ. 1 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - 2015 жылы шамамен 103 млрд КВт/сағат электр энергиясы өндіріледі. Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан "Инновациялар, энергия және ресурс жинақтау технологиялары электр энергетика саласын жаңартудың негізі" деп аталатын энергетикалық форумында айтылды.

"Соңғы 2 жылда шекті тариф бағдарламасы енгізіліп, жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде электр энергиясы станциялары 2015-2020 жылдары өз қуатын дамытуды жоспарлап, ірі банктік қарыздарды тартуға мүмкіндік алды. Бұл айтарлықтай капитал сыйымдылығы бар жұмыстарды жасауға және ресурстық қуатты қалпына келтіруге жол ашты", - дейді индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Бақытжан Жақсалиев.

Оның айтуынша, энергетика саласын дамытуда желілік компаниялардағы тарифті қалыптастыру әдістемесін жетілдірудің өзіндік орны бар. Бұл кірісті тұрақтандыру мен инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Мәселен, 2009-2015 жылдары инвестициялық келісім бойынша энергетика саласына 1,1 триллион теңге инвестиция тарту болжануда.