Инвестициялық омбудсмен институтының құзыреті кеңейеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайтын Инвестициялық омбудсмен институты күшейтілмек. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі ашық талқыға шығарған Үкімет қаулысында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, енді инвестиция жөніндегі уәкілетті органның бірінші басшысы немесе оның міндетін атқаратын тұлға - инвестициялық омбудсменнің орынбасары лауазымы енгізілмек.

«Қалыптасқан практика осы институттың тұрақты жұмысын талап етеді. Осыған байланысты инвестициялық омбудсмен жанындағы жұмыс тобын басқаратын инвестициялық омбудсменнің тұрақты орынбасарын тағайындау, сондай-ақ оның қызметін ұйымдастыруды бақылауды жүзеге асыру қажет. Инвестициялық омбудсмен компаниялардың өтініштерін қараумен қатар инвесторлар үшін инвестициялық қызмет үшін жағдайларды жақсарту жөніндегі инвесторлардың ұсыныстарын қарауға болатын диалог алаңын құрады», - қаулыда.

Айта кетейік, Инвестициялық омбудсмен институты елімізде жұмыс істейтін шетелдік инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған. Алғаш рет Қазақстанда инвестициялық омбудсмен қағидаты 2014 жылы «Инвестициялар туралы» ҚР Заңына енгізілді. Сол кезде оның қызметін реттейтін ереже әзірленді. Сыртқы істер министрлігінің түсіндірмесіне сай, қазір жүргізіліп жатқан реформалар мен шетелдік инвестициялардың ағынын ескере отырып, инвестициялық омбудсмен институтын күшейту қажет. Енді шетелдік инвесторларға қатысты туындаған арыздарды мемлекеттік орган бірден сотқа емес, енді енгізілетін инвестициялық омбудсменнің орынбасарына жолдауы тиіс.

«Құны 500 миллион теңгеден асатын инвестициялық жобалар бойынша мемлекеттік органдар сот талқылауына бастамашылық жасамас бұрын, инвестициялық омбудсменнің орынбасарына инвесторға шағым және талап-арыз туралы хабарламаларды жолдайды», - деп көрсетілген жаңа ережеде.

Министрлік берген түсіндірмеде бұл инвестициялық дауларды бақылауға және оларға мониторингті жүргізуге мүмкіндік беретіні жазылған.

«Қазіргі уақытта Инвестиция комитеті мен «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ-ның инвесторлардың шағымдары мен өтініштерін қарау тәжірибесі мемлекеттік органдардың инвесторлармен сот талқылауларының басталуы туралы инвестициялар жөніндегі уәкілетті органды міндетті түрде хабардар ету туралы талаптарды елемегенін анықтады. Инвесторлардың инвестициялық дауларын бақылауды және мониторингті қамтамасыз ететін ИО орынбасарын тағайындау арқылы осы Ереженің орындалуын бақылауды қамтамасыз ету қажет», - делінген түсіндірмеде.

Құжат 27 наурызға дейін көпшілік талқылауында болады.