Инвестициялық жобалардың өндіріс қуатын ұтымды орналастыру бизнеске де қажетті бағдар болмақ

None
АСТАНА. Мамырдың 8-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Аптадағы Үкімет отырысында республика өңірлерінде жүзеге асырылатын инвестициялық жобалардың өндіріс қуатын ұтымды орналастыру картасын әзірлеу мәселесі талқыланды. Барлық аймақтарды қамти отырып жасалатын бұндай жоба мамыр айының соңына таман әзір болып қалуы да мүмкін. Ал бұндай құжаттың нәтижесі мемлекеттік басқару
органдарына ғана емес, жалпы бизнес үшін де маңызды болмақ. Әр облыстағы өндірістік қуат ерекшеліктеріне қарай, жоба бойынша жүзеге асатын «картаға» сәйкес аймақтың көлік, энергетика, инфрақұрылым, шикізат, адами ресурстары секілді көрсеткіштер толық қамтылмақ. Сонымен бірге, Үкімет аймақтардағы өндірістерді оңтайлы орналастыру мақсатында қай өңірде қандай кәсіпорын салыну қажеттігін ойластырып, бұл үдерісті жиырма жыл ауқымына жоспарлап отыр. Премьер-Министр Кәрім Мәсімов атқарушы билік талпынып отырған бұндай қадамды биылғы жылдың маңызды әрі шешуші міндеті ретінде бағалап та үлгерді. «Осы уақытқа дейін бұл бағытта белгілі бір жұмыстар жасалды. Бірақ оны әрі қарай жалғастыру қажет. Өндірістік қуатты ұтымды орналастыру картасы әзірленуі, барлық мемлекеттік, инфрақұрылымдық және әкімшілік қолдау шаралары пысықталуы тиіс», - деді Премьер-Министр. Экономиканы «қолмен басқару» жағдайына көшкен билік үшін мұндай жобаларды жүзеге асыру жолдары да тиімді болмақ. Мәселен, К. Мәсімовтің айтуынша, қазіргі таңда бизнестің, ұлттық компаниялардың дамуы, банктердің қорландырылуының 90 пайызы Үкіметтің жүргізетін саясатына, бөлетін ресурстарына тәуелді болып отыр. Сондықтан алдағы уақытта Үкімет әзірлейтін жобада ең алдымен жеке компанияларға қолдау көрсетілетін болады. Сонымен бірге, өндірістік қуатты ұтымды орналастыру картасы бойынша бірінші кезекте дайындық деңгейі жоғары болып табылатын энергетика мен көлік саласы тартылатын болады. Картаны жасау барысында мемлекеттік органдардан және өңірлерден жинастырылған барлық ақпарат ықпалдастырылып, бір жағынан бизнеске бағдар жасалса, екінші жағынан басқарушылық шешімдерді қабылдайтын тетік қалыптасады деп күтілуде. «Осы картаның негізінде барлық инвестициялық жобаларды жүзеге асыру шарттарына бағалау жүргізіледі. Қазіргі таңда жобаларды жекеменшік сектор жүзеге асырып жатқанына қарамастан, алдын ала келісімнің жоқтығы ақыр соңында мемлекеттің қолдауынсыз көптеген жобаларды жүзеге асыруда проблема тудырып жатады. Сонымен бірге, инфрақұрылымдық бюджеттік жобаларды жүзеге асыру жөніндегі мемлекеттік органдардың сұранымдары қуаттар және мерзімдер бойынша нақты мұқтаждықтарға сәйкес келмейді», - деді Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов. Жиын барысында жобаға қатысты ведомства басшылары да өз пікірлерін ортаға салды. Мәселен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г. Әбдіхалықова аталмыш картада қай жерде қандай өндіріс қай жылдары іске қосылатындығы нақты көрсетілсе, өңірлерде сол салаға қатысты мамандықтар даярлау ісі жолға қойылатынын алдыға тартады. Ал Көлік және коммуникациялар министрі Әбілғазы Құсайынов бүгінгі нарықта жердің тым қымбаттығын айта келе, жобаларды жүзеге асыру үшін бюджеттен қыруар шығындар қажет етілетінін тілге тиек етті. Мәселен, оның айтуынша, тек қана Алматы облысында үш инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру үшін жерді сатып алуға 72 миллиард теңге кететін көрінеді. Ал Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед өндірістік ошақтарды республикалық үйлестіру деңгейінде шешу қажеттігін алға тартады. Сонымен бірге, жер қымбаттығы мәселесіне тоқталған министр, мәселеге Үкіметтік деңгейде араласу қажеттігін айтады: «Жер бағасы белгіленген шектен жоғары болмауы керек дейтіндей Үкіметтің тарифтік жіктелімі болғаны дұрыс секілді. Өйткені кезінде мемлекеттен тиынға сатып алып, соны долларлап қайта мемлекетке сату дұрыс емес деп есептеймін. Бұл жағынан келгенде Үкіметтік деңгейден бір бақылау керек»,- деді М.Құл-Мұхаммед. Сонымен Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының аумақтарын ұйымдастырудың бас сызбасын жүзеге асыру қабылданғанға дейін инвестициялық жобалардың теңдестірілуін қамтамасыз ету үшін өндірістік қуаттарды ұтымды орналастырудың картасын бір ай мерзімде әзірлеу туралы бастама толық қолданды. Өз кезегінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов өңірлердегі инвестициялық жобалардың өндірістік қуатын ұтымды орналастыру картасын әзірлеу маңызды мәселе екенін айта келе, осы аптаның соңына дейін оған қатысты қажетті барлық шешімдерді қабылдау керектігін атап көрсетті. «Мен мұны осы жылдың шешуші міндеті деп есептеймін. Үкімет барлық күш-жігерін осы міндетті шешуге жұмылдыруы қажет», - деді К. Мәсімов. * * * Үкімет былтырғы жылдан бері жұртшылық аясындағы өзекті мәселелерге арнап Интернет-конференциялар өткізуді қолға алды. Бұл шара Үкіметтің билік пен бұқара арасындағы қатынастарды түбегейлі өзгертуге бет бұрып отырғанының дәлелі. Бұған дейін әрбір министрлік басшылары, облыс әкімдерінен бөлек үлескерлік құрылыс, мемлекеттік сатып алулар шарасы секілді жұртшылық арасында қордаланған мәселе саналатын салаларға биліктегі лауазым иелері тікелей жауап беріп, елдің көкейінде жүрген сауалдарға қатысты ашық әңгіме орнатқан болатын. Әрине, бұндай тікелей байланыстың әсіресе бүгінгідей жағдайда берері мол. Өйткені Үкіметтің әлемдік дағдарыстық қауіп салдарын еңсеру үшін ең алдымен халыққа, қоғамның жұмылуына арқа сүйеуі ауадай қажет. Екінші бір жағынан атқарушы билік тарапынан дағдарысқа қарсы шаралар ретінде қабылданған шешімдерді жұртшылықтың толық түсініп қана қоймай, оған қатысуы да маңызды болмақ. Ал дер кезінде атқарылуы тиіс жұмыстар интернет-конференция секілді билік пен бұқара арасындағы тікелей әңгімелесу көпірі арқылы жүргізілсе, тиімділігі де арта түсері сөзсіз. Осы аптада BNews.kz ақпараттық-аналитикалық порталдың студиясында Премьер-Министрдің орынбасары Серік Ахметовтың қатысуымен интернет-конференция болып өтті. Оn-Line конференцияның негізгі тақырыбы - шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі мемлекеттік шаралардың тиімділігіне арналды. Конференция барысында вице-премьер шағын және орта бизнес бойынша халықтың ең өткір сауалдарына жауап берді. Енді тікелей байланыс барысында көтерілген бір-екі мәселеге де тоқталып өтелік. Премьер-Министрдің орынбасары Серік Ахметов Қазақстандағы бизнестің дамуын тежейтін бірқатар себептерге тоқталып өтті. Оның сөзіне қарағанда, әкімшілік кедергілер, тауар мен көрсетілетін қызметтердің сапасының төмендігі, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілетсіздігі, кәсіпкерлердің өздерінің арасындағы бәсекенің нашарлығы, рұқсаттама жүйесінің күрделілігі, негізсіз жиі тексерулер, шағын және орта бизнес субъектілерін анықтау критерилерінің жеткіліксіздігі, сондай-ақ кәсіпкердің несиеге қол жетімділігінің төмендігі еліміздегі бизнестің дамуына тосқауыл болып отырған басты себептер болып табылады. Сонымен қатар, Вице-премьер Қазақстандағы қор нарығының жетілмегендігін, кәсіпкерлерге берілетін несие пайыздарының жоғарылығын, банктердегі рәсімдердің күрделілігін де аталмыш санатқа жатқызып отыр. Осы орайда С. Ахметов Үкімет пен мемлекеттік органдар бизнестің тынысының тарылмай, қанатын кеңге жаюы үшін жоғарыдағы мәселелерді бақылауға алып, тұрақты жұмыс жүргізіп отырғанын атап көрсетті. Сонымен бірге, Үкімет басшысының орынбасары отандық немесе шетелдік қаржы рыногындағы жағдай нашарлаған күннің өзінде екінші деңгейлі банктер шағын және орта бизнес үшін белгіленген сыйақы мөлшерін көтере алмайтынын жеткізді. Өйткені Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасы бойынша «Самұрық-Қазына» қоры, «Даму» қоры және екінші деңгейлі банктер арасында жасалған келісімде несиенің сыйақы мөлшеріне қатысты барлық ережелер анық әрі ашық жазылған. Яғни, қарыз алушының жылдық сыйақы мөлшері барлық шығындарды қоса есептегенде, 12,5 пайыздан аспайтын болады. Жұртшылық тарапынан тасталған сауалдарға жауап бере келе, С. Ахметов Үкіметтің басымды салалар үшін екінші деңгейлі банктердің пайыздық ставкасын субсидиялау тәжірибесін зерттеп жатқандығын, оны дағдарыстан кейінгі кезеңде Қазақстанда қолданудың жоспарланғанын сөз қылды. Бұл бағыттағы ұсыныстар Үкімет және мемлекеттік органдар тарапынан қолдау тауып жатса, онда экономиканың басымды салаларындағы кәсіпорындар 18-20 пайыздың орнына жылдық ставкасы 7-10 пайызбен несиелендірілетін болады. «Субсидия берілетін нақты салаларды анықтау үшін салмақты есеп-қисаптар қажет. Үкімет қазір осы мәселелерді қарастыруда. Менің ойымша, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін және машина жасау салаларына басымдық берілетін шығар», деді Вице-премьер. Оның сөзіне қарағанда, Ресейде автомобиль машиналарын жасайтын, ауылшаруашылығы, тұрғын-үй құрылысы саласында жұмыс істейтін кәсіпорындар жеңілдетілген шарттармен несиелендіріліп жатыр. «Қазақстанда да өңдеуші кәсіпорындардың айналым қаражаттарын толтыруға арналған несиелер бойынша сыйақының ставкасын субсидиялау тәжірибесі бар», деді Вице-премьер. Жалпы бұқарамен байланыс барысында көтерілген сауалдарға орай нақты жазбаша жауаптар қайтарылатын болады.