Инвестиция, өндіріс, цифрландыру: Қазақстан экономикасы жаңа бағытқа бет алды

АСТАНА. KAZINFORM — Өнеркәсіп, инфрақұрылыммен қатар Қазақстан цифрлық ортаны және кадрларды даярлау жүйесін дамытып жатыр. Бұл бағыттар технологиялық өндірістерді, қызмет көрсету орталықтарын және білікті мамандарды қажет ететін басқа жобаларды орналастыруға мүдделі халықаралық компаниялар үшін маңызды бола түсті, деп жазады The World Financial Review.

Фото: ЖИ

Елімізде мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы электронды түрде ұсынылады. Электрондық қызмет түрлерінің саны 2021 жылы 657-ден 2026 жылы 1 333-ке дейін өсті. Халықтың 97,5%-ы интернетке қол жеткізген.

Цифрлық мемлекеттік қызметтердің кеңеюі бизнестің мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын жеңілдетуге негіз қалыптастырады. Өз кезегінде интернетке қолжетімділіктің жоғары деңгейі электрондық коммерцияны, финтехті және цифрлық сервистерді дамытуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, аумағы кең және халық тығыздығы салыстырмалы түрде төмен ел үшін мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшірудің технологиялық қана емес, экономикалық маңызы да бар. Цифрландыру азаматтар, бизнес және мемлекет арасындағы қашықтықты қысқартып, қызметтерге қолжетімділік құнын төмендетеді.

Қазақстанның цифрландыру саласындағы серпілісі басқа елдер үшін жақсы үлгіге айналды: Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (ДЗМҰ) Global Innovation Index 2025 рейтингінде «Үкіметтің онлайн-қызметтері» көрсеткіші бойынша Қазақстанды әлемде 10-орынға қойды. ДЗМҰ цифрлық мемлекеттік қызметтерді елдің инновациялық дамуындағы ең мықты көрсеткіштердің бірі ретінде бағалайды.

Экономиканы жаңғырту адами капиталды сапалы түрде жаңартуды да қажет етеді. Қазақстанның дамуының жаңа стратегиясында бұл фактор ескеріліп, басым бағыттардың біріне айналды. Ел білім беру мен ғылыми зерттеулерге салынатын инвестиция көлемін арттырып келеді. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) ішкі шығындар 2019 жылғы 42,3 млрд теңгеден 2025 жылы 252,5 млрд теңгеге дейін өсті.

Жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастық дамуда: елде шетелдік университеттердің 32 филиалы жұмыс істейді және шетелдік жоғары оқу орындарымен стратегиялық әріптестіктің басқа да нысандары жүзеге асырылып жатыр. Ұзақмерзімді перспективада бұл экономиканың неғұрлым технологиялық және ғылымды қажет ететін секторларына инвестициялар тарту үшін негіз қалыптастырады.