Инвестициялық келісімшарттарды негізсіз бұзғаны үшін 5 лауазымды тұлға жазаланды

Фото: Pexels

АСТАНА. KAZINFORM — Инвестициялық келісімшарттарды негізсіз бұзғаны үшін 5 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған. 

— «Прокуратура туралы» Конституциялық заңға сәйкес, заңдылықтың бұзылуын, оған ықпал еткен себептер мен жағдайларды, сондай-ақ олардың салдарын анықтау және жою прокуратура органдарының міндеті. Өткен жылы Бас прокуратура қолданыстағы инвестициялық келісімшарттардың орындалуына талдау жүргізіп, оның барысында мемлекеттік органдар тарапынан заң бұзушылықтар анықталды. Аталған фактілер бойынша 2025 жылғы сәуірде Бас прокуратура Сыртқы істер министрлігіне заң бұзушылықтарды жою туралы тиісті ұсыным енгізді, — деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, аталған ұсынымды қарау нәтижесінде Инвестициялар комитеті инвестициялық келісімшарттарды негізсіз бұзу тәжірибесін тоқтатты және жасалған инвестициялық келісімшарттар аясында инвестициялық жобалардың іске асырылу барысына бақылауды күшейтті.

— Заң бұзуға жол бергені үшін 5 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, Бас прокуратура актісі аясында Инвестициялар комитеті әкімдіктермен бірлесіп, инвестициялық келісімшарттар аясында іске асырылып жатқан жобаларды Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға жүктеу жұмысын жүргізіп жатыр. Бұл проблемалық мәселелерді және оларды іске асыру мерзімдерін бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ әкімдіктермен келісу сатысында және инвесторға мемлекеттік жер учаскесін натуралды грант түрінде беру кезінде инженерлік инфрақұрылымның бар-жоғы туралы нақты ақпаратты міндетті түрде ұсыну тетігі пысықталып жатыр, — деді Олжас Бектенов.

Айта кетейік, кеше Қазақстан–Сербия Іскерлік кеңесінің алғашқы отырысында Серб инвесторларына Қазақстандағы басым салалар ұсынылған еді.