Инвестор шенділердің салғырттығынан 11 млрд теңге салған жобасын іске қоса алмай келген

АСТАНА. KAZINFORM - «Rainbow Logistics 2» ЖШС инвестиция сомасы 11 млрд теңге және 3 000 жұмыс орнын құрайтын «Астана қаласында азық-түлік және азық-түлік емес тауарлардың әмбебап қоймасы» жобасын іске асыруда.

Фото: Астана қаласының прокуратурасы

Бас прокуратураның дерегіне қарағанда, бүгінгі таңда инвестицияның барлық сомасы игерілген. Алайда, объектіні пайдалануға беру кезінде инвестор уәкілетті органдар тарапынан жылжымайтын мүлікті тіркеу бойынша созбалаңға салу жағдайына тап болды.

«Елордалық прокуратураның инвесторлардың құқықтарын қорғау жұмысы шеңберінде проблемалық мәселені шешу бойынша шаралар әзірленді.

«Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ объектінің техникалық паспортын тіркеді, бұл инвесторға логистикалық орталықты толыққанды пайдалануға мүмкіндік береді», — деп жазды бақылаушы органнан.