Инвесторлар мүдделерін қорғайтын инвестициялық омбудсмен институты енгізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгiн Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне инвестициялық ахуалды жетiлдiру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасы талқыланды.

Еске салайық, заң жобасы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Үкіметке берген тапсырмаларын орындау мақсатында дайындалған. Атап айтқанда, Елбасы инвесторлар үшін негізгі инвестициялық келісімдер болатын жаңа ынталандыру пакетін енгізуді, инвестициялық келісімдерді мүлтіксіз орындауды, осы саладағы заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз етуді жүктеген болатын.

Осыған байланысты заң жобасы инвестициялық ахуалды жақсарту, осы бағыттағы қызметтерді ынталандыру, инвестициялық келiсiмшарттар жасау арқылы инвестициялық преференциялар ұсыну тетiгiн қамтамасыз етуге бағытталады. Бұдан бөлек, қызметтiң басым түрлерiнде инвестициялық жобаны жүзеге асыратын инвесторларға мемлекеттiк қолдау шараларын көрсету көзделеді. Инвесторлардың құжаттарды жинау мен дайындауға қатысуын азайту, сондай-ақ олардың мемлекеттiк қызметтер көрсету субъектiлерiмен тiкелей байланысын шектеу мақсатында «бір терезе» қағидасы да енгiзiледі. Сонымен бiрге инвесторлардың құқықтары мен мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету мақсатында «инвестициялық омбудсмен» институты енгiзiлмек.

Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Марат Құсайыновтың айтуынша, заң жобасында жасалатын келісімшарттар шеңберінде инвесторларды мемлекеттік қолдаудың қосымша шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, 10 жылға корпоративтік табыс салығын төлеуден босату, 10 жылға жер салығын төлеуден босату, 8 жылға жылжымайтын мүлік салығын төлеуден босату көзделеді. Ал, нысан пайдалануға берілгеннен кейін мемлекет тарапынан инвесторлардың күрделі шығындарын 30 пайызға дейін өтеу қарастырылған. Сонымен қатар, жасалған келісімшарттар шеңберінде инвесторларға инвестициялық жоба құрылысының барлық мерзімінде және объектіні пайдалануға енгізілгеннен кейін бір жыл бойы квотасыз және рұқсатсыз шетелдік жұмыс күшін тарту құқығы ұсынылады.

«Мұндай ынталандыру шараларының топтамасы негізінен 20 миллион доллардан кем болмайтын инвестициялық жобалар үшін қарастырылады. Бұдан бөлек, инвестициялық ахуалды жақсарту үшін инвесторларға табиғи монополиялар субъектілерінің қызметіне 5 және одан да ұзақ жылдарға шекті тарифтер енгізу қарастырылады. Сонымен қатар, инвесторлар мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету үшін инвестициялық омбудсмен институтын енгізу көзделеді», - деді Марат Құсайынов.

Заң жобасы палатаның жалпы отырысына шығарылатын болады.