Инвесторлардың құқығын қорғауға бағытталған мамандандырылған сот құрылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Азаматтық іс-жүргізу кодексі жобасында инвесторлардың құқын қорғау бойынша мамандандырған сот құрамын енгізу көзделеді. Бұл туралы бүгін Мәжілісте жаңа редакциядағы Азаматтық іс-жүргізу кодексі жобасының таныстырылымы барысында Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашев мәлім етті.

«Кодекс жобасындағы ерекшеліктердің бірі инвесторлар құқығын қорғау жөніндегі мамандандырылған сот құрамын енгізу болып табылады. Осыған байланысты Жоғарғы Соттың мамандандырылған алқасын құру көзделеді. Ал Астана қалалық сотында инвестициялық дауларды қарау жөніндегі мамандандырылған сот қалыптаспақ. Бұл шара негізінен инвестициялық құқықтарды қорғаудың деңгейін арттыруға бағытталған», - деді Р. Мұқашев.

Оның айтуынша, мұндай нормалар бұған дейінгі заңнамада көрсетілмеген. Сонымен қатар, кодекс жобасында азаматтық іс жүргізу бағытында ақпараттық технологияларды қолдану мүмкіндіктерін кеңейту де көзделіп отыр.

Айта кетейік, ҚР Жоғарғы соты әзірлеген Азаматтық іс-жүргізу кодексі 60 бөлімнен 532 баптан тұрады. Құжатта қолданыстағы бірқатар бөлімдер алынып, жаңа нормалар енгізілген. Дегенмен, азаматтық іс-жүргізудің базалық институты мен принциптері, соның ішінде сот жүйесінің үшбуындылығы, сот актілерінің қаралу сатылары, соттар мен судьялардың мамандануы, өндірістің бірқатар түрлері сақталады.