Инвесторлардың өздері сотта істі қарау мерзімін ұзартуды сұрайды - Жоғарғы Сот

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі заңнама аясында инвесторлардың арыз-шағымдары сотта қысқа уақыттың ішінде қаралуы қажет. Негізгі мақсат - шетелдік инвесторлардың құқықтарын барынша қорғау, сот төрелігінің әділеттілігін көрсету. Алайда олардың өздері сотта істі қарау мерзімін ұзартуды сұрап отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Жоғарғы Соттың мамандырылған сот алқасының төрайымы Айгүл Қыдырбаеваның айтуынша, бүгінгі таңда инвестициялық даулар бірінші инстанцияда бір ай және екінші инстанцияда тура сондай уақытта қаралуы қажет. «Әрине, мұның бәрі инвесторлардың құқықтарын шұғыл түрде қорғау үшін жасалды. Алайда инвестордың өзі сотқа дайындалу үшін уақытты көбірек беруді сұрап отыр. Біз болсақ, ол уақыттың тығыз екенін алға тартып, сан алуан қағаздарды сұрап отырамыз. Инвесторлар болса, тиісті құжаттарды әзірлеп, сот отырысына дайындалып үлгермейді. Сондықтан біз инвестициялық дауларды екі инстанцияда да қарау мерзімін ұзартуды ұсынып жатырмыз. Себебі арыз-шағымдардың басым бөлігі мемлекеттік кірістер комитетінің салыққа қатысты ескертулерін даулауға байланысты. Ондай жағдайда біраз құжат жинау қажет. Ал осы саладағы істердің қалыңдығы он томға дейін жетіп жатады», - деді Қыдырбаева инвестициялық дауларды қарауға арналған бүгінгі жиын барысында.
Жалпы, өткен жылы Жоғарғы Соттың қарауына инвестициялық дауларға қатысты 22 арыз түскен болатын. Соның басым бөлігі - мұнай-газ саласындағы жұмыс істейтін ірі инвесторлар. Олар көп жағдайда мемлекеттік органдардың тарапынан жіберілген салық мәселелерін даулайды .
Бүгінгі отырыста Жоғарғы Соттың судьялары Кәсіпкерлік кодекстің бірқатар нормаларының жетілдіруді ұсынды .