Бұған дейін «Visor Holding» тобының құрамында болған «Visor Capital» компаниясы «Tengri Partners» инвестициялық холдингтік топтың бөлігі ретінде қаржы нарығына жаңа «Tengri Capital MB» атауымен шығады. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында компанияның басқарма мүшесі және активтерді басқару жөніндегі бөлім жетекшісі Әнуар Үшбаев жария етті.
«Біздің басты идеямыз - қаржылық қызмет нарығына оралу. Компания қазақстандық инвесторлар үшін шетелдік бағалы қағаздар нарығында жол көрсетуші қызметін атқармақ. Бізде қазір 35 адам жұмыс істейді. «Tengri Capital MB» бес бағыт бойынша қызмет атқарады. Нақтырақ айтқанда, қазақстандық және шетелдік эмитенттердің бағалы қағаздарын сату жөніндегі брокерлік қызметтер, қосылу, қосып алу және қайта құру жөніндегі инвестициялық банкингтің қызметтері, акционерлік және қарыз капиталы нарығындағы қаржыландыру қызметтері, биржалық нарық пен жекеменшік капитал нарығындағы инвестицияларды басқару жөніндегі қызметтер, сондай-ақ компанияның өзінен инвестиция тарту арқылы инвестициялық әріптестік пен Қазақстан, Орталық Азия бойынша экономикалық және инвестициялқ сараптамалар ұсыну. Қазақстандық инвесторлар үшін, ол заңды немесе жеке тұлға болса да жинақтарын сақтау үшін екі актив болды. Оның бірі депозит болса, екіншісі жылжымайтын мүлік. Біз мазмұны жағынан енді жаңа қызмет ұсынғымыз келеді», - деді Әнуар Үшбаев.