Иордания Қарулы күштері Бас қолбасшылығы ресми өкілінің мәлімдеуінше, оқиға салдарынан зардап шеккендер мен материалдық шығын тіркелмеген. Бұл туралы Petra агенттігі хабарлады.
Оқиға орнынан дрондардың қалдықтарын жинау үшін Корольдік инженерлік әскер бөлімшелері жіберілді. Мамандар олардың сынықтарын залалсыздандырып, қауіпсіздік талаптарына сәйкес аумақты қоршауға алды.
– Корольдіктің Қарулы күштері елдің әуе кеңістігін бақылауды жалғастырып, мемлекет пен оның азаматтарының қауіпсіздігіне төнуі мүмкін кез келген қатерге жедел әрекет ету үшін жоғары жауынгерлік әзірлік деңгейін сақтап отыр, – делінген ресми мәлімдемеде.
Кейін Иорданияның Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы атып түсірілген дрондардың бірінің бөлшектері Керак провинциясындағы тұрғын үйге құлағанын хабарлады. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Арнайы қызметтер қажетті техникалық жұмыстарды жүргізіп, оқиға орнында қауіпсіздікті қамтамасыз етті.
Әзірге шабуыл үшін жауапкершілікті ешбір тарап өз мойнына алған жоқ.
Бұған дейін дүйсенбі күні Израиль қорғаныс армиясы Иордания шекарасы маңында анықталған екі ұшқышсыз ұшу аппаратын ұстап қалғанын мәлімдеген болатын. Израиль тарапының дерегінше, дрондар елдің әуе кеңістігіне кірмеген, олардың шыққан тегі анықталып жатыр.
Иордания бұған дейін де АҚШ пен Иран арасындағы әскери шиеленіс аясында елдің әуе кеңістігіне кірген немесе оған жақындаған зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын бірнеше рет атып түсірген. Иран өңірдегі америкалық әскери нысандарға соққы жасағанын мәлімдеген еді.