Иордания әуе кеңістігін уақытша жапты

Фото: JordanArmedForces

АСТАНА.KAZINFORM — Израильдің Иранның әскери және ядролық нысандарына жасаған соққысынан кейін Иордания билігі корольдіктің әуе кеңістігін уақытша жапты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі. 

Иорданияның Азаматтық авиация басқармасы барлық кіріс, шығыс және транзиттік рейстер сақтық шарасы ретінде тоқтатылды деп мәлімдеді.

— Патшалықтың әуе кеңістігі уақытша жабылды және аймақтық шиеленісуден туындайтын кез келген қауіп-қатердің алдын алу мақсатында барлық әуе кемесінің қозғалысы тоқтатылды, — делінген ресми мәлімдемеде.

Иран 100-ден астам дрон ұшырған кезде Иорданияның астанасы Амманда сиреналар ойнады.

Иорданиялық БАҚ елдің әуе кеңістігін бұзған бірнеше дрон ұсталғанын хабарлады. Корольдік әуе күштері патшалықтың аспанын қорғау үшін белсенді патрульдік қызметті бастады.

Үкімет өкілі және коммуникация министрі Мухаммад Мумани Иорданияның өз әуе кеңістігі мен аумағын әскери операциялар үшін пайдалануға «рұқсат етпегенін» айтты.

— Ешкімнің Иорданияның қауіпсіздігіне, оның аумақтық тұтастығына және азаматтарының өміріне қауіп төндіруіне жол берілмейді, — деді Мумани жұма күнгі мәлімдемесінде.

Мумани жалған ақпарат пен жаңылыстырушы бейнероликтерді таратудан сақтанып, халықты тек ресми дереккөздерден ақпарат алуға шақырды.

Иорданияның Сыртқы істер министрі Айман ас-Сафади жеке мәлімдемесінде Израильдің Иранға шабуылын айыптап, оны халықаралық құқықты бұзатын және аймақты «үлкен соғыстың шетіне» итермелейтін «арандатушылық әрекет» деп атады.

Ол мұндай шабуылдардың ешкімге қауіпсіздік әкелмейтінін айтып, тұрақтылықты тек дипломатия, халықаралық құқық нормаларын сақтау және мемлекеттердің егемендігін құрметтеу ғана қамтамасыз ете алатынын айтты.

Ұшуларды қалпына келтіру туралы шешім жағдайдың әрі қарай қалай өрбуіне байланысты қабылданады. Билік тұрғындарды сабырға шақырып, азаматтық қорғаныс қызметтерінің нұсқауларын орындауға шақырды.

Айта кетейік, жұма күні түнде Израильдің Иран аумағына жаппай соққы беруіне жауап ретінде Тегеран Израильге жүзден астам дрон ұшырды.

Таяу Шығыстағы жағдайдың ұшығуына байланысты елшілік Израильдегі Қазақстан азаматтарына үндеу жасады.