Иордания делегаттары Астана процесінің барлық кездесулеріне қатысады

АСТАНА. ҚазАқпарат -  Иордания өкілдері Сириядағы жағдайды реттеу бойынша Астанадағы келіссөздердің (Астана процесі) екінші раунды аясында барлық кездесулерге қатысатын болады, деп хабарлады «РИА Новости» агенттігіне осы ел делегациясындағы дереккөз.

Сириядағы жағдайды реттеу бойынша Астана процесінің екінші раунды аясында келіссөздер Қазақстан астанасында 15-16 ақпан күндері өтеді. Бірінші раундқа Иордания делегациясы қатысқан жоқ. Алайда иорданиялық өкілдер 6 ақпандағы бітімгершілікті бақылау тетігін орындау бойынша РФ, Түркия, Иран сарапшыларының консультацияларына қатысты.

 «Иордания Астанада өтетін барлық техникалық және пленарлық кездесулерге белсенді қатысатын болады», - деп атап өтті Ресей жаңалықтары агенттігіне дереккөз.

«Біз оңтүстік майданына (Сирия оңтүстігінде соғысып жатқан топтарға) баса назар аударамыз», - деді  ол.