Иорданияның Телекоммуникацияларды реттеу комиссиясы (TRC) балалар мен жасөспірімдерге кері әсер етуі мүмкін деген қауіпке байланысты GTA 6 бейнеойынын бұғаттау туралы шешім әзірлеп жатыр.
Бұл туралы комиссия төрағасы Лара әл-Хатиб Roya News телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, азаматтар кәмелетке толмағандардың ойынға қол жеткізуін шектеуді сұрап, көптеген өтініш жасаған. Қазір комиссия осы мәселені шешу үшін тиісті мемлекеттік органдармен ақылдасып жатыр.
Әл-Хатибтің айтуынша, қазіргі бейнеойындар әлемнің түкпір-түкпіріндегі бейтаныс адамдармен дауыстық және мәтіндік чат арқылы сөйлесуге мүмкіндік береді. Бұл балалар мен жасөспірімдердің зиянды контентке тап болып, басқа ойыншылардың әдепсіз әрекетіне ұшырау қаупін арттырады.
Комиссия басшысы Иордания заңнамасы балалардың жасына сәйкес келмейтін материалдарға қол жеткізуіне шектеу қоятынын айтты. Алайда GTA 6 ойыны ересектерге арналған деген жас санатына жатқызылғанымен, балалардың оны цифрлық платформалардан жүктеп алуына тосқауыл бола алмай отыр.
Сондықтан Иорданияның реттеуші органы тыйымның орындалуын қадағалап, ойынға қолжетімділікті техникалық тұрғыдан бұғаттау тетіктерін әзірлеп жатыр.
Әл-Хатиб ата-аналарды балалардың смартфон, компьютер мен бейнеойындарды пайдалануын қатаң бақылауға шақырды. Оның айтуынша, баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ата-ананың әрекеті маңызды.
Әзірге Иорданияда GTA 6 ойынына тыйым салу туралы ресми шешім қабылданған жоқ. Шектеудің қашан енгізілетіні де белгісіз.
Ал Иорданияның Телекоммуникацияларды реттеу комиссиясының өкілі Мұхаммад ат-Тарауне GTA 6 ойынын бұғаттау мәселесін құзырлы құқық қорғау органдары қарастырып жатқанын айтты. Оның түсіндіруінше, комиссия ойын мазмұнын бақыламайды, тек уәкілетті органдардың шешімімен байланыс операторлары арқылы оған техникалық шектеу қояды.
Бұған қоса Ат-Тарауне ойынға техникалық шектеу қою балаларды зиянды контенттен толық қорғай алмайтынын атап өтті. Сондықтан жас ерекшелігіне сай шектеулерді сақтап, ата-ананың бақылауын күшейту қажет екенін айтты.
Таяу Шығыс елдеріндегі шектеулер
Иорданияда GTA 6 ойынына тыйым салу мәселесі көтерілсе, өзге араб елдері де оны реттеудің түрлі жолдарын қарастырып келеді.
Сауд Арабиясында Grand Theft Auto ойындар сериясына көп уақыт тыйым салынған. Алайда 2025 жылы билік шектеуді алып тастап, GTA 6 ойынын 21 жас санатымен сатуға рұқсат берді.
Сауд Арабиясының Мемлекеттік инвестициялық қоры (PIF) GTA 6 ойынын әзірлеуші Rockstar Games компаниясының иесі америкалық Take-Two Interactive акцияларының да бір бөлігіне иелік етеді. Бұл үлестің құны 2 млрд доллардан (910 млрд теңге) асады.
Біріккен Араб Әмірліктерінде GTA 6 ойынын 21 жастан асқан адамдарға пайдалануға рұқсат берілген. Алайда билік ойындағы зорлық-зомбылық, есірткі қолдану және саудасына қатысты көріністерді ескеріп, ата-аналарға балалардың ойынға қол жеткізуін қадағалауды ескертті.
Бахрейнде Ішкі істер министрлігі ойынның кәмелетке толмағандарға кері әсері болуы мүмкін екенін ескертіп, ата-аналарды GTA мазмұнына байланысты қауіптерден сақ болуға шақырды.
Кувейт билігі ата-аналарға балалардың ойынға қызығушылығымен қатар, электронды ойындардың жас шектеуіне де мән беру керегін ескертті. Ал GTA 6 ойыны жергілікті PlayStation Store дүкенінде сатылмайды.
Оманда 20 қарашада «Әл-Ватан» газеті GTA 6 ойынына тыйым салынғанын хабарлады. Басылым ойынның діни және қоғамдық құндылықтарға қайшы келетіні көрсетілген ресми құжатқа сілтеме жасаған.
Ирак Күрдістанында жергілікті ислам ғұламалары GTA 6 ойыны діни құндылықтарға қайшы келеді деп, оған тыйым салуды талап етті.
Ливанның Адам құқықтары жөніндегі ұлттық комиссиясы GTA 6 ойынын кәмелетке толмағандарға сатып алмауды және 18 жасқа дейінгі балаларға ойнауға рұқсат бермеуді ұсынды. Сонымен қатар балалар мен ересектерге жеке аккаунт ашып, ойынға жұмсалатын қаражат пен ақылы жазылымдарды бақылауға шақырды.
Ал Ливияның Гарья́н қаласында билік GTA 6 ойынын сатуға, жүктеуге және пайдалануға тыйым салды. Осыған байланысты дүкендер мен ойын орталықтарында тексеріс басталды. Полиция талапты бұзған мекемелердің жабылып, іс материалдары прокуратураға жіберілетінін ескертті.
Еске сала кетейік, америкалық Rockstar Games компаниясы әзірлеген Grand Theft Auto VI ойыны 2026 жылғы 19 қарашада жарық көрді.
Бұған дейін GTA VI ойыны шыққан күні Англияда 35 мың оқушы сабаққа бармағаны хабарланған болатын.