Иордания Иран ұшырған 18 баллистикалық зымыранның жолын кесті

АСТАНА. KAZINFORM – Өңірдегі қақтығысқа байланысты Иорданияның әуе кеңістігіндегі жағдай әлі де ушығып тұр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: media.defense.gov

Иорданияның әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері сәрсенбіге қараған түні Ираннан ел аумағына қарай ұшырылған 20 баллистикалық зымыранның 18-ін ұстап, көзін жойды. Қалған екі зымыран елсіз аймақтарға құлаған, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Бұл туралы Иордания Қарулы күштері мәлімдеді.

Осыған байланысты зымыранның қирандылары түскен аумақтарға арнайы бөлімшелер жіберілді. Әскерилер тұрғындарды беймәлім заттар мен зымыран бөлшектеріне жақындамауға және оларды байқаған жағдайда дереу билікке хабарлауға шақырды.
Мәлімдемеде Иорданияның бақылау, алдын ала ескерту және Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері жоғары дайындық режимінде жұмыс істеп тұрғаны айтылған.

Ислам революциясының сақшылар корпусы (ИРСК) зымыран соққысының нысанасы ретінде елдің шығысындағы әл-Азрақ қаласы маңында орналасқан, АҚШ әскері пайдаланатын Муаффақ әс-Салти әуе базасы таңдалғанын мәлімдеді. Иран тарапының айтуынша, шабуыл F-35, F-16 және F-15 жойғыш ұшақтары орналасқан әрі оларға қызмет көрсетілетін нысандарға бағытталған.

АҚШ өкілі Reuters агенттігіне берген сұхбатында шабуылдың көздеген нысандарына жета алмағанын, сондай-ақ америкалық әскери қызметшілердің барлығының аман екенін мәлімдеді. Иранның әуе базасына келтірілген шығын туралы мәлімдемесін әзірге тәуелсіз дереккөздер растаған жоқ.

Бұл соққы АҚШ Орталық қолбасшылығы Парсы шығанағында Иранның бес мұнай тасымалдаушы кемесін жойғанын хабарлағаннан кейін жасалды

Вашингтон бұл операцияны ИРСК-ның АҚШ әскери кемесіне баллистикалық зымырандармен екі мәрте оқ жаудыру әрекетіне қайтарылған қатаң тойтарыс ретінде бағалады. АҚШ тарапының мәліметінше, соққы жасалмас бұрын танкерлердегі экипаж мүшелерінің барлығы кемеден шығарылған.

ИРСК өз кезегінде Тегеран «қауіпті әрі тыйым салынған аймақ» деп жариялаған Ормуз бұғазынан өтпек болған АҚШ-тың 2 кемесі мен 8 мұнай танкеріне соққы жасалғанын мәлімдеді.

АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыстың қайта өршуі Парсы шығанағындағы кеме қатынасының қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылықты күшейтті. Соның әсерінен Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 100 долларға жақындады.

Ақпан айында басталған АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы кезінде Иорданиядағы әскери базаларға Иран тарапынан бұған дейін де соққылар жасалған. Шілдедегі соңғы шабуылдардың бірінде АҚШ-тың екі әскери қызметшісі қаза тапты.

Айта кетейік, бұған дейін Иран Ормуз бұғазы маңында арнайы бақылау аймағын құратынын жазған едік

Ақзат Жиеналина