Ақордада мәртебелі мейманды қарсы алу рәсімі басталды.
Мәртебелі мейманның құрметіне Әскери әуе күштерінің тікұшақтары Қазақстан мен Иорданияның Мемлекеттік туларын желбіретіп, Ақорда алдынан ұшып өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен II Абдалла бен әл-Хусейн бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Одан кейін Құрмет қарауылы ротасының командирі салтанатты рапорт берді.
Президент оркестрі Қазақстан мен Иорданияның мемлекеттік әнұрандарын орындады.
Әнұрандарды тыңдап болған соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иордания Королі кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүрді.
Ту алдына келгенде мейман тоқтап, бас иіп, өзінің құрметін білдірді. Сонан соң Иордания Королі мен Президент құрметті қарауыл сапының бойымен жүрді.
Бұдан кейін тараптар шағын құрамда келіссөздер жүргізуге кірісті. Жоғары деңгейдегі келіссөздерде сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту перспективасы талқыланады.
Сонымен бірге, Иордания Королі 6 қараша күні Астанада өтетін Ақаба процесі саммитіне қатысады. Бұл жиынға бірқатар мемлекеттің басшылары қатысады.
Ақаба процесі — 2015 жылы Иордания королі ІІ Абдалла бастамашы болған халықаралық бастама. Оның басты мақсаты — терроризмге, экстремизмге және трансұлттық қылмысқа қарсы күресте мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайту.
Еске сала кетсек, былтыр 26-27 тамызда Иордания патшасы Қазақстанға ресми сапар жасаған еді.
Өз кезегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы ақпанда Иордан Хашимит Корольдігіне барды.