Иордания Королінің ресми сапары кезінде Астанада қауіпсіздік шаралары күшейтіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 26-27 тамыз күндері Қазақстанға Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейн ресми сапармен келеді.
Осыған орай Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі астаналықтарға хабарландыру жасады.
— Иордания Королі Абдалла II бен әл-Хусейннің Қазақстан Республикасына ресми сапары кезінде (а.ж. 26-27 тамызда) қаланың жекелеген көшелерінде көлік құралдары мен жаяу жүргіншілердің қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. Дайындық іс-шаралары арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, сондай-ақ ҚР Қарулы Күштерінің, оның ішінде әскери авиация мен техника ресурстарын пайдалану арқылы жүргізіледі. Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарынан халықаралық дәрежедегі маңызды оқиға кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жүргізілетін іс-шараларға түсіністікпен қарауды сұраймыз, — делінген ведомство хабарламасында.
Еске салсақ, Иордания Королінің Астанаға сапары барысында сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Иордания ынтымақтастығын одан әрі нығайту мақсатында жоғары деңгейдегі келіссөздер өтеді.