Иордания Ливаннан 44 адамды эвакуациялады

АММАН. KAZINFORM - Иордания Королі ІІ Абдалланың тапсырмасына сәйкес дүйсенбі күні Иорданияның әскери-әуе күштері 44 иорданиялық азаматты Ливаннан эвакуациялады. Бұл туралы KAZINFORM-ның Иорданиядағы меншікті тілшісі хабарлады. 

Фото: Иордания СІМ

Эвакуация Израильдің Ливандағы агрессиясы кезінде иорданиялықтардың қауіпсіз оралуын қамтамасыз ету үшін жасалған жоспардың бөлігі болды. Оған Иорданияның қарулы күштері – Араб армиясы, қауіпсіздік қызметтері, Ішкі істер министрлігі мен Қауіпсіздік және дағдарысты басқару ұлттық орталығы Ливанның тиісті органдарымен бірлесе отырып қатысты, деп хабарлады Иордания Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Суфян әл-Куда.

Эвакуация процесін жеңілдету үшін Ливандағы Иордания елшілігінің командасы Бейрут халықаралық әуежайында орналасты.

Иорданияның мемлекеттік органдарының бірлескен дағдарыс тобы Ливан Республикасынан иорданиялықтарды эвакуациялауды Ливанның құзыретті органдарымен келісе отырып жалғастырмақшы.

Иордания Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, тамыз айының басынан бері Аммандағы халықаралық әуежай арқылы Ливаннан отанына 3219 иорданиялық азамат оралды.

Ұшақ Бейруттағы Рафик Харири халықаралық әуежайына дүйсенбі күні келіп, Ливанға гуманитарлық көмектің кезекті партиясын жеткізді.

Иорданияның Сыртқы істер министрі Айман әл-Сафади да сол ұшақпен Ливанға келіп, тиісті Ливан премьер-министрінің міндетін атқарушы Наджиб Микатпен, парламент спикері Набих Берри және армия қолбасшысы генерал Джозеф Аунмен кездесу өткізді.

Иорданиялық министр Ливан халқымен ынтымақтастықты қолдайтынын айтып, Израильдің Ливанға қарсы әскери әрекеттерін айыптады.

Израильдің Ливанның оңтүстігіне құрлық шабуылы басталғалы бері Иордания Бейрутке 110 тонна азық-түлік, дәрі-дәрмек және медициналық құрал-жабдықтар тасымалдайтын 7 гуманитарлық көмек ұшағын жіберді.