Иордания патшасы Израиль шабуылдарына қарсы араб әлемін бірігуге шақырды

Фото: x.com / @RHCJO

АСТАНА. KAZINFORM — Амман Израильдің Қатарға жасаған шабуылына жауап ретінде дипломатиялық күш-жігерін күшейтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Иордания патшасы Абдалла II Қатар эмирі шейх Тамим бин Хамад Әл Таниімен телефон арқылы сөйлесіп, Қатардың қауіпсіздігі Иорданияның қауіпсіздігінің ажырамас бөлігі екенін атап өтті. Ол Израильдің Дохаға жасаған «жігерсіз агрессиясын» қатты айыптап, бұл әрекетті халықаралық құқық нормаларын бұзу деп атады.

Патша араб елдерінің бірігу қажеттілігін атап, мұндай шабуылдарды тез арада тоқтатуға бағытталған халықаралық қоғамдастықты мобилизациялауға шақырды.

Сонымен қатар, Иордания патшасы Мысыр президенті Абдельфаттах ас-Сисимен телефон арқылы сөйлесіп, Амман мен Каир араб елдерінің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына бағытталған кез келген қауіп-қатерге қарсы «бірігіп күресетінін» растады.

Бұдан бөлек, Сауд Арабиясының мұрагер принці Мұхаммед бин Салманмен телефон арқылы сөйлесу барысында Абдалла II Израильдің аймақтық тұрақтылықты бұзатын заңсыз әрекеттерін тоқтату мақсатында араб елдерінің күш-жігерін күшейтіп, тиімді халықаралық позиция қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, сейсенбі күні Израиль Қатар астанасындағы Палестина ұйымы ХАМАС-тың штаб-пәтеріне соққы берген болатын.

Кейіннен Израиль Доха шабуылы үшін жауапкершілікті толық өз мойнына алды.