Иордания патшайымы таққан бойтұмар ұлттық әшекейімізге сұранысты арттырды – зергер

Фото: www.therealmyroyals.com

АСТАНА. KAZINFORM – 2016 жылы Иордания Тәуелсіздігінің 70 жылдығына арналған шарада мемлекет патшайымы Рания әл-Абдулла қазақ бойтұмарын тағып шыққан еді. Әшекейді жасаған зергер, реставратор Берік Әлібай 9 жыл бұрынғы оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

− Бұл тұмаршаны Рания патшайымға тікелей берген жоқпын. Маған қанша адам тапсырыс беріп, бұйым жасатады, оны жоғары лауазымды тұлғаларға сыйға тартады. Мен де: «Бұл бұйымды кімге сыйлайсың?» - деп сұрамаймын. Күндердің күні Мәдениет комитетінің қызметкерлері хабарласып: «Иордания патшайымының мойнындағы алқа қазақтың ұлттық әшекейі ме, анықтап беріңізші», - деп бір суретті жіберді. Ол сурет көзіме оттай басылды! Бұл қазақтың әшекейі ғана емес, менің қолымнан шыққан зергерлік бұйым екенін айттым, − деді Берік Әлібай агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Фото: Б. Әлібайдың жеке мұрағатынан

Осыдан кейін журналистер зергерден сұхбат алып, түрлі мақалалар жарық көріп, қазақ әшекейіне сұраныс көбейіпті.

Фото: www.therealmyroyals.com

− Рания – дүние жүзіне танымал тұлға, көптеген іс-шарада осы әшекеймен жүрді. Мойнында қазақтың тұмаршасы, қолында бесбілезік, қандай керемет?! Осыдан кейін ұлттық әшекейімізге сұраныс артты деуге болады. Қазір де бойтұмарға сұраныс өте көп, тіпті жасап үлгермейміз, - дейді Берік Әлібай.

Фото: www.facebook.com/zhanar.ru
Фото: www.facebook.com/zhanar.ru

Бұған дейін Kazinform Иордан көшбасшысы Абдалла ІІ өмірінің қызықты фактілерін жинақтаған еді. Монарх Қазақстанға бірнеше мәрте сапарлаған. Ал елдер арасындағы ынтымақтастық экономика, инвестиция, сауда және әскери салаларды қамтиды.

Фото: www.therealmyroyals.com

Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 18-19 ақпан күндері Иорданияға бірінші ресми сапармен барады. Сапар барысында сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған жоғары деңгейдегі келіссөздер өтеді.

Астана мен Амманның өзара қарым-қатынасы жайында мына материалдан біле аласыз.