Иордания соты шіркеуге шабуыл жасаған үш адамды өлім жазасына кесті

АСТАНА. KAZINFORM — Иордания Мемлекеттік қауіпсіздік соты шіркеуге қарулы шабуыл жасап, тоғыз адамның өмірін қиған үш ер адамды өлім жазасына кесті, деп хабарлайды Kazinform Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.

Фото: Kazinform/ЖИ

Сот үкімі 15 қарашада шықты. Айыпталушылар террористік әрекеттерге барғаны, қару қолдану арқылы теракт ұйымдастыруға сөз байласқаны және террористік топтың идеологиясын таратқаны үшін кінәлі деп танылды. Сондай-ақ олардың біріне терроризмді қаржыландыру айыбы да тағылды.

Еске сала кетейік, 23 қазанда елдің батысындағы Карак қаласындағы шіркеуде жерлеу рәсімі кезінде қарулы шабуыл жасалды. Қарулы қақтығыстан тоғыз адам қаза тауып, тағы 34 адам жарақат алды. 

Иордания Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының мәліметінше, күдіктілер 26 қазанда бірлескен іздестіру операциясы кезінде ұсталған.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері күдіктілерді қараусыз қалған үйден тапқан. Ұстау кезінде олар берілуден бас тартып, оқ жаудырған.

Операция барысында үшеуі де жарақат алған күйде қолға түсті. Оқиға орнынан атыс қаруы мен оқ-дәрілер тәркіленді.

Бұған дейін Иордания королі ІІ Абдалланың тақта сөйлеген сөзінде Карактағы теракт пен аймақтағы күрделі жағдайды сөз еткені хабарланған болатын.