Иордания тарапы Қазақстанда фармацевтикалық фабриканы салуға ниетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Иордания тарапы Қазақстанда фармацевткалық фабриканы салуға ниетті. Бүгін Астанада Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Иордания Үкіметаралық комиссияның төртінші отырысынан кейін ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Көшербаев осылай мәлім етті.

Екі елдің арасындағы сауда көлемі әлеуетін арттыру мүмкіндігін толықтай пайдалану керектігіне тоқталған ол, Елбасының Иорданияға  алдағы сапары қарсаңында комиссия жұмысында бірлесіп істейтін бағыттар тыңғылықты қаралғанын жеткізді.

«Иорданиялық тарап фармацевтика саласындағы ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытып отыр, яғни осында фармацевтикалық фабриканы салуға ниетті. Ол үшін тіркеу мен сертификаттауға қатысты тиісті рәсімнен өту керек. Иордания жағы Қазақстанды Еуразиялық экономикалық одақтың нарығына шығатын жол ретінде көріп отыр. Сонымен қатар ветеринарлық препараттар өндірісіне де қызығушылық білдіруде»,-деді Е. Көшербаев.

Оның сөзіне қарағанда, Иордания шет елдерден ауқымды көлемде ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттауда. Талқылаулар барысында иорданиялықтар Қазақстан астығын алуға ниет танытып отыр. Олар жақында теңіз портында еркін экономикалық аймақты құрды және астық хабын қалыптастыруда экономикалық аймақтар жұмысына қатысуға қазақстандық компанияларды шақыруда.