Иорданияда аммиак таралып, 14 адам зардап шекті

АСТАНА. KAZINFORM — Иордания билігі Ақаба қаласындағы өнеркәсіп нысандарының бірінде болған аммиактың таралу оқиғасы толық оқшауланғанын хабарлады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.

Фото: AlMamlaka TV

14 қыркүйекте Ақаба қаласындағы өнеркәсіптік кешенде аммиактың таралуы салдарынан 14 адам зардап шекті. Бұл туралы Иорданияның Petra агенттігі провинция губернаторы Айман әл-Авайшаның мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлады.

Зардап шеккен төрт адам ауруханаға жеткізілді. Қалғандарына кәсіпорын аумағындағы медициналық пункттерде қажетті көмек көрсетілді. «Аль-Мамляка» телеарнасының хабарлауынша, зардап шеккендерде жеңіл және орташа деңгейдегі тұншығу белгілері байқалған.

Аммиактың таралуы Иорданияның Фосфат кеніштері компаниясына тиесілі өнеркәсіптік кешеннің Ақабаның оңтүстігіндегі өнеркәсіптік аймағында жабдықтарға техникалық қызмет көрсету жұмыстары кезінде болған.

Ақаба арнайы экономикалық аймағының қоршаған орта және қоғамдық қауіпсіздік жөніндегі өкілі Нидаль әл-Уранның мәлімдеуінше, оқиға ескі сорғыға немесе қысыммен жұмыс істейтін жабдыққа техникалық қызмет көрсету кезінде болған. Алдын ала болжам бойынша, жөндеу жұмыстары кезінде жабдықта жиналып қалған аз мөлшердегі аммиак сыртқа тараған.

Кәсіпорын қызметкерлері бастапқы қауіпсіздік шараларын қабылдаған. Алайда олардың кейбірі ағып кету орнына жақын болғандықтан, газды жұтып, зардап шеккен. Мамандар негізгі клапанды жедел жауып, аммиактың таралуын тоқтатты.

Қауіпсіздік шарасы ретінде кәсіпорын қызметкерлері мен жақын маңдағы бірқатар нысандардың жұмысшылары қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Олардың қатарында оқиға орнына жақын орналасқан Ақабаның жаңа портының қызметкерлері де болды. Алайда губернатордың айтуынша, аудан бойынша жаппай эвакуация жүргізілген жоқ.

Оқиға жергілікті уақыт бойынша түскі сағат шамасында болған. Шамамен екі сағаттан кейін қызметкерлерге жұмыс орындарына қайта оралуға рұқсат берілді. Сондай-ақ портта жүк тиеу-түсіру жұмыстары мен жүк көліктеріне қызмет көрсету қайта жалғасты.

Жергілікті биліктің мәліметінше, қазіргі уақытта жағдай толық бақылауда. Оқиға орнында жүргізілген ауа сапасын тексеру нәтижесінде қоршаған ортаның ластанбағаны анықталды.

Аммиактың таралу себептеріне қатысты тергеудің түпкілікті нәтижелері әзірге жарияланған жоқ.

Айта кетейік, Иордания Иран ұшырған 18 баллистикалық зымыранның жолын кесті.