Израиль елшілігінің жанындағы Калути алаңында өткен митингке қатысушылар Израильдің Газа секторындағы палестиналық ХАМАС тобына қарсы жүргізіп жатқан соғысын алға тартып, «Израиль басқыншылығының агрессиясын» айыптады.
Наразылық білдірушілер Иордания үкіметінен «Израильдің Палестина халқына қарсы агрессиясын тоқтату» үшін нақты шаралар қабылдауды талап етті. Көптеген демонстранттар ХАМАС-ты қолдайтын ұрандар айтты.
Екі мыңнан астам шеруші ел астанасының Рабия ауданындағы Израиль елшілігіне жақындамақ болды, бірақ Иордания полициясы мен жандармерия күштері оларды кері итеріп жіберді. Айта кетейік, Израильдің Иорданиядағы елшілігінің қызметкерлері Газа секторындағы соғыс басталғанда өткен жылдың қазан айында эвакуацияланған болатын. Сонымен бірге Иордания Тель-Авивтегі елшісін кері шақырып алды.
Құқық қорғау органдары қоғамдық тәртіпті бұзушыларды ұстады. Иордания билігі бірнеше рет бейбіт шерулерге рұқсат етілгенін айтты, бірақ олар Израильге қарсы ашуды тәртіпсіздік тудыру үшін пайдалану әрекеттеріне немесе Батыс жағалау немесе Израильмен шекаралық аймаққа жету әрекеттеріне жол бермейді.
Газа секторын қолдаған шерулер Иорданияның оңтүстігіндегі Акабана провинциясында да өтіп, қатысушылар Палестина халқының қырғынын айыптады.
Газа секторындағы денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 7 қазанда басталған соғыстан бері бұл анклавтағы қаза тапқандар саны 32 414 адамға жетті.