Иорданиялық журналист ҚазАқпараттың сарапшысы атанды
Сәйкес сертификатты иорданиялық журналиске «ҚазАқпарат» ХАА бас директоры Асқар Омаров табыстады.
«Біз үшін Таяу Шығыс пен Иордания бойынша жедел-сараптамалық мағлұматтар беріп отыру өте маңызды. Бұл сертификат доктор Машхур Мустафа Мухаммад Абу Эйдтің «ҚазАқпарат» ХАА сарапшысы екенін ресми түрде растайды», - деді Асқар Омаров.
Журналистің айтуынша, «Petra» ақпарат агенттігі Иордания үкіметінің позициясын көрсетеді, негізінен елде және шет мемлекеттерде болған саяси оқиғалар туралы жазады. Қазақстан туралы айтқанда, журналист еліміз бен Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған саясат туралы оң пікір білдірді.
«Қазақстан мен оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларының ілгерілеуі әлемдік геосаясатта маңызды рөл ойнады. Дәл осы Қазақстанда экономикалық және әлеуметтік дамуда қарышты қадамдарды көріп отырмыз. Бұл үлкен мәнге ие», - деді Машхур Абу Эйд.
Иорданиялық журналист Астанаға «ҚазАқпарат» ХАА шақыртуымен «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі туралы материал жазу үшін келген. Бірақ, іссапар барысында Таяу Шығыс мәселелері бойынша «ҚазАқпарат» ХАА сарапшылар құрамына кіру туралы ұсыныс алды және «Petra» басшылығы бұл ұсынысты мақұлдады.
Машхур Абу Эйд әскери тақырыптарға жазады және ол Ирак, Газа секілді түрлі жанжал ошақтарында болған. Жыл соңына дейін Иорданияның «Petra» ақпарат агенттігі және «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі ынтымақтастық туралы меморандум бекітеді. Меморандум аясында ақпарат агенттіктері контент алмасады және оған Машхур Абу Эйд тікелей қатысады.