Иосиф Кобзон «Қазақстан» концерт залында ән салады

АСТАНА. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін «Қазақстан» Орталық концерт залында  КСРО  Халық әртісі Иосиф Кобзонның қатысуымен, «Мен саған ғашықпын, өмір» атты мерейтойлық концертіне арналған баспасөз мәслихаты өткізілді, деп хабарлайды елорданың ресми сайты.

«Мен Қазақстанды жақсы көретінімді жасырмаймын.  Мен сіздердің  елдеріңді 1956 жылы Кеңес Армиясы қатарына Қостанай облысына  бітік шыққан егінді жинауға әскерге шақырған кезден бастап  жақсы көріп кеттім», - деп ағынан жарылды  Иосиф Давыдович.

Сол кездің өзінде Кобзон Қазақстанның  толеранттылығына баса назар аудара бастаған.  «Ол кезде Кеңестік Республика болатын. Барлық  халыққа  құшағын айқара  ашып, қонақжайлық танытты. Көптеген ұлттар мен  ұлыстар  қазақ елінен  пана тапты.  Мен әртіс болғалы  Целиноградқа  жиі келіп жүрдім. Ал Астана болғалы  жыл сайын келемін», - дейді ол.

Иосиф Кобзон:  «Бұрын  әнді жұрттың бәрі жаттап алып, халық болып айтатын. Қазір ондай азайып бара жатыр. Дегенмен, Қазақстан  өзінің ұлттық музыкасы мен ұлттық шығармашылығын сақтаған, эфирден жиі береді», - деп атап өтті.  

Астанада өтетін Иосиф  Кобзонның  «Мен саған ғашықпын, өмір»  концерті  оның  гастрольдық қоштасу сапары аясында 75 жылдық мерейтойына арналған. Мерейтойлық музыкалық кеш «Қазақстан» Орталық концерт залында өтеді. 

«Біз ІІМ академиялық ән, би ансамблін алып келдік. Концерттік бағдарламамыз да үлкен. 54 жыл бойы айтқан әндерімнен  попуррилер  орындалады.  Сондай-ақ, сыйлық ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған Төлеген Мұхамеджановтың әні «Менің қаламды» орындаймын», - деді әртіс.