Агенттік қарыз алушының өмірін сақтандыру — бұл қарыз алушы мен оның отбасын ауыр сырқаттанған, еңбекке қабілеттілігінен айырылған немесе қарыз алушы қайтыс болған жағдайда кредит төлеу жөніндегі міндеттемелерден қорғайтын ерікті сақтандыру өнімі екенін жазды.
Стандартты сақтандыру шарты нені жабады?
Сақтандырудың бұл түрі қарыз алушының жазатайым оқиға немесе ауру салдарынан қайтыс болуды, I немесе II топтағы мүгедектікті тағайындауды не мүгедектік тобын бере отырып, еңбекке қабілеттілігін жоғалтуды жабады. Сондықтан ипотеканы рәсімдеу кезінде банктер қарыз алушыларға өмір мен еңбекке қабілеттілікті сақтандыруға жиі кеңес береді.
Сақтандырудың бұл түрі қалай жұмыс істейді?
Адам қайтыс болған немесе еңбекке қабілеттілігінен толық айырылған жағдайда сақтандыру компаниясы банкке кредит бойынша қалдықты төлейді. Сонымен бірге уақытша еңбекке жарамсыз болған жағдайда (мысалы, ауруына байланысты) сақтандыру компаниясы қалпына келу кезеңінде кредит бойынша ай сайынғы төлемдерді жаба алады.
Қарыз алушы үшін басты артықшылық — жақындарының қаржылық қауіпсіздігі. Сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандыру төлемі отбасының меншігіндегі баспананы сақтауға және қосымша борыш жүктемесін болдырмауға мүмкіндік береді.
Бұл ретте сақтандыру шартына қол қоймас бұрын оның барлық шарттарымен, әсіресе сақтандыру төлемі жүргізілмейтін айрықша жағдайлар тізбесімен мұқият танысу маңызды.
Егер сақтандыру болмаса немесе төлемнен бас тартылса, ипотека не болады?
Егер қарыз алушының өмірін сақтандыру шарты болмаса немесе сақтандыру ұйымы төлеуден бас тартса (мысалы, егер жағдай шарттың ерекше жағдайына жататын болса), онда ипотека бойынша міндеттемелер автоматты түрде тоқтатылмайды.
Мұндай жағдайда берешек мұраның құрамына кіреді, ал мұраны қабылдаған мұрагерлер мұраға қалдырылған мүліктің құны шегінде мұра қалдырушының борыштары бойынша жауапкершілік атқарады.
Қарыз алушының өмірін мәжбүрлі түрде сақтандыру — заңға қайшы
Қарыз алушының өмірін сақтандыру — сақтандырудың ерікті түрі. «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заңға сәйкес банктің бұл қызметті алуды мәжбүрлеуге немесе оны кредит алу үшін міндетті шарт ретінде белгілеуге құқығы жоқ.
Пайдалы материалдар Fingramota.kz сайтында қолжетімді.
Еске сала кетейік, сақтандыру мен бағалы қағаздар нарығын реттейтін жаңа заңдар әзірленеді.