Ипотекаға пәтер алуда бастапқы жарна ретінде зейнетақы жинағын пайдалану ұсынылды

АСТАНА. 9 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Астанада тұрғын үй мәселесіне арналған дөңгелек үстелде ҚР Құрылыс және тұрғын үй -коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин ипотекаға пәтер алуда бастапқы жарна ретінде зейнетақы жинағын пайдалануды ұсынды.

«Ипотека бойынша пәтер алу кезінде бастапқы жарна ретінде зейнетақы жинағын пайдалану мәселесін зерделеу дұрыс болады деп санаймыз», - деп атап өтті С. Нокин.

Агенттік басшысының сөзіне қарағанда, Сингапурде бүгінде бұл бағытта, яғни зейнетақы жинағын пайдалану арқылы ипотекалық несиелеу жүйесін дамыту шаралары тұрғын үйге қол жеткізгендердің үлесін 3 еседен астам көрсеткішке арттырған. Атап айтқанда, 2007 жылдағы 27 пайыздан қазіргі кезде 91 пайызға дейін артып отыр.

«Сингапурде тұрғын үй құрылысын арнайы құрылған мемлекеттік ұйым жүзеге асырады. Егер де тұрғын үй құрылысын дамытудың алғашқы кезеңінде онда арзан әрі шағын үй-жайларды салып келген болса, ал қазіргі кезде мемлекеттік тұрғын үйлердің параметрі айтарлықтай арта түсті», - деді ол.

Сонымен қатар агенттік басшысы ипотеканың қол жетімділігін арттыру бағытында 8 пайыз көлемінде жылдық сыйақы мөлшері, 10 пайыз бастапқы жарна, сондай-ақ 20 жыл несиелендіру мерзімі болуы тиіс екенін жеткізді.