Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасына өзгерістер енгізілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық Банкінің Басқармасы Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізді, деп хабарлайды ҚР ҰБ баспасөз қызметінен.

Бұл түзетулер проблемалық қарыз алушыларды қамтуды барынша ұлғайтуға мүмкіндік береді. ҚР Ұлттық Банкінің бастамасымен халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарына жататын қарыз алушылар банктердің шағым-талаптарды беру кезінде төлеген мемлекеттік баж салығы сомасын төлеу қажеттілігінен босатылады. Бұл шығыстар ҚР Ұлттық Банкінің қаражаты есебінен өтелетін болады. Шетел валютасында берілген проблемалық қарыздар Ұлттық Банктің еркін өзгермелі бағам енгізілгенге дейін белгіленген ресми бағамы бойынша, сот актісі бар қарыз бойынша - ҚР Ұлттық Банкінің соттың актісі шығарылған күнгі ресми бағамы бойынша қайта қаржыландырылатын болады. Бағдарлама шеңберінде енді тараптардың келісімімен баспанасы (жер телімі) банктің немесе ипотекалық ұйымның, оның ішінде уәкілетті органның лицензиясын ерікті түрде қайтарған ұйымның балансына қабылданған қарыз алушылардың кредиттерін қайта қаржыландыруға болатындығы маңызды. Бағдарламаға түзетулер кепілге салынған баспана алаңына да қатысты болды. Егер бұрын баспананың жалпы алаңы 120 ш.м.-ден аспауға тиіс болса, енді бұл талап тұрғын үй алаңына қатысты қолданылады. Баспана алаңы бойынша шектеулер көп балалы отбасыларға қолданылмайды. Қайта қаржыландыру бағдарламасын қарыз алушылар мен олардың жұбайлары (зайыптары) ғана емес, жалғыз баспанасы болып табылған жағдайда, кепіл берушілер де пайдалана алады. 2015 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша банктерге 6 796 өтінім берілді, оның ішінде 3 140 өтінім бойынша қайта қаржыландыру туралы оң шешім қабылданды. Ұлттық Банк мүдделі министрліктермен және ведомстволармен бірлесіп жеке тұлғаларға мерзімі өткен берешекті кешіру кезінде оларды жеке табыс салығынан босату, сондай-ақ сот орындаушыларының атқарушылық өндіріс жүргізіліп отырған қарыздар бойынша қызметіне ақы төлеу құнының ең жоғары шегін белгілеу бойынша жұмысты жалғастыруда. Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын Ұлттық Банктің Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 11 ақпанда өткен кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын іске асыру қорытындысы бойынша әзірлегенін еске саламыз. Ипотекалық кредиттеу саласында қалыптасқан мәселелерді шешу үшін Ұлттық Банк бөлген қаражат (130,0 млрд. теңге) проблемалық қарыз алушылардың борыштарын есептен шығаруды болжамайды және ипотекалық кредиттерге қызмет көрсету талаптарын жеңілдетуге бағытталған.