Ипотеканың құны 10 пайызға дейін төмендейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет ипотеканың құнын жаңа құрылыстан пәтер сатып алу үшін 10 пайызға дейін және жеке тұрғын үй сатып алу үшін 5 пайызға дейін төмендетеді. Осы орайда, екінші деңгейлі банктерге мемлекет субсидияны «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ арқылы ұсынатын болады.

Айта кетейік, «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ-ның миссиясы қаржы операторы ретінде ипотекалық несие беру тетіктері арқылы Қазақстан Республикасының тұрғындары үшін қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету саласында мемлекет саясатын іске асыру, «Стратегия - 2050» және мемлекеттік бағдарламалармен қойылған әлеуметтік бағдарланған міндеттерді шешу мақсаттарында жалға берілетін тұрғын үйді халықтың басым көпшілігіне ұсыну арқылы халықтың тұрғын үймен қамтамасыз етілуін арттыру болып табылады.

Халықты тұрғын үймен қамтамасыздандыру және тұрғын үй құрылысына қолдау көрсету үшін жаңа «Нұрлы жер» бағдарламасы әзірленіп, қабылданды. Ол бес негізгі міндетті іске асыруды көздейді:
1) ипотекалық кредиттеудің қолжетімділігін арттыру;
2) жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ынталандыру;
3) тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы кредиттік тұрғын үй салу;
4) халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін сатып алу мүмкіндігінсіз жалға берілетін тұрғын үй салу;
5) жеке тұрғын үй құрылысын дамыту.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан республикасының президенты Н.Ә. Назарбаевтың 2016 жылдың соңында Үкімет «Нұрлы жер» біріңғай тұрғын үй құрылыс бағдарламасын әзірленді Бағдарлама қазақстандық отбасыларды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған.

Айта кету керек, тұрғын үй саласында бұған дейін болған барлық механизмдер «Нұрлы жер» бағдарламасына енгізілді. Тұрғын үй жинақ пен ипотекадан бөлек, жеке тұрғын үйді салу жүйесі де бар. Бағдарламаның негізгі мақсаты - осы саланы нарыққа барынша бейімдеу.

Бағдарламаның негізгі бағыты - жеке тұрғын үй құрылысына қолдау көрсету. Ол үшін азаматтарға дайын инженерлік инфрақұрылымы бар жер учаскелері бөлінетін болады. Инфрақұрылымды салуды мемлекет қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар әлеуметтік жағынан осал топтар үшін сатып алу мүмкіндігінсіз жалға берілетін тұрғын үй салынатын болады. Жыл сайын жалға берілетін тұрғын үй салуға 25 млрд. теңге бөлініп тұрады.

Ал «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысамын дейтін азаматтар алдымен халыққа қызмет көрсету орталығына баруы тиіс. Сол жерде өтініш беріп, әкімдіктің кезегіне тұру қажет. Дегенмен, баспана ең бірінші ардагерлерге, жетім балаларға, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға, мемлекеттік қызметшілер мен бюджет саласының мамандарына беріледі. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар да 11 санатқа бөлінеді. Ол - көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар және тағысын тағы. Олар да өтініш беріп, кезекке тұруы тиіс. Алайда нақты шектеулердің де бар екенін ескеру керек. Соңғы бес жылда адамның атында баспана болмауы шарт. Ол - бір. Сосын Астана мен Алматыда тіркеуге тұру мерзімі 2-3 жыл болуы қажет.

15 жыл ішінде (2017-2031 жылдары) 1,5 млн. отбасы үшін тұрғын үй салу, оның ішінде 600 мың жеке тұрғын үй және 972 пәтер салу күтіліп отыр.

Ағымдағы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасының шеңберінде 10,0 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй (100 мың пәтер), оның ішінде мемлекеттік инвестициялар есебінен
1,6 млн. шаршы метр (28 мың пәтер) пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Айта кетейік, бүгінгі таңда республика бойынша баспана кезегінде 2 млн. 300 мың адам тұр. Олардың ішінде 430 мың адам әкімдіктердің кезегінде тұрса, шамамен 800 мың адам - Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары. Бұдан бөлек, 1 млн. 300 мың адам жер кезегіне тіркелген.