Иппотерапия медициналық оңалтудың клиникалық хаттамасына енгізілмек
АСТАНА. KAZINFORM — Иппотерапия медициналық оңалтудың клиникалық хаттамасына енгізілмек. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.
— Иппотерапия қызметі кепілдендірілген тегін медициналық көмектің көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында (ДСМ-нің 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-170/2020 бұйрығы) көрсетілетін қызметтер тізбесіне енгізілген. Қазіргі уақытта иппотерапияны «Неврология және нейрохирургия» (балаларға арналған) бейіні бойынша емдеудің екінші кезеңінде медициналық оңалтудың клиникалық хаттамасына енгізу мәселесі қарастырылуда, — деді Олжас Бектенов.
Иппотерапия — үйретілген атпен жүру арқылы оңалту әдісі. Иппотерапияның бірегейлігі балалардың психикасына әсер етудің денеге арналған әдістерінің үйлесімінде жатыр. Емдік мақсатта атпен жүру баланың денесіне биохимиялық әсер етеді, оны нығайтады. Сарапшылар да иппотерапияның кең спектрлі ауруларға шалдыққан балаларды дамыту мен оңалтудың ерекше әдістерінің бірі екенін мойындайды. Жылқы мүмкіндігі шектеулі, сүйек-бұлшық ет жүйесінде ақауы бар, сондай-ақ, психикалық дерті бар балаларға оң әсер етеді.
Бұған дейін Жетісу облысында ерекше балаларға арналған тұңғыш иппотерапия орталығы ашылғанын жазған едік.