Иппотерапия (жылқыға мініп жаттығу) сал ауруымен ауыратын балалардың денсаулығын жақсартуға ықпал етеді - Л. Дробышева

АЛМАТЫ. 15 Қараша. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/- Бүгінгі таңда елімізде 44 574 мүгедек бала бар, бұл еліміздегі кішкентай тұрғындардың 1,2 пайызын құрайды. Олардың 10 мыңға жуығына сал ауруы диагнозы қойылған. Бұл жайында бүгін жоғары категориялы ЕДШ дәрігері, ҚР Емдік денешынықтыру дәрігерлері қауымдастығының президенті Людмила Дробышева Алматыда арнайы өткен баспасөз маслихаты кезінде айтты.

Мәжіліс барысында Қазақстандағы мүгедек балалардың проблемалары, жекелеп алғанда, церебральды сал ауруы (ДЦП) диагнозы қойылған балалардың қимыл-қозғалысын иппотерапияны қолдану арқылы сауықтырудағы жаңа қадамдар талқыланды.

Мамандардың айтуынша, барынша шыдамдылық танытып, әдістемелік жүйемен емдеген жағдайда бұл аурудың салдарын түзетіп, баланы жүруге, сөйлеуге үйретуге және қоғамда өмір сүруге бейімдеуге болады. Қимыл-қозғалысты сауықтырудың прогрессивті әдістерінің бірі иппотерапия(жылқыға мініп жаттығу) екен.

"Иппотерапия сал ауруымен ауыратын балалардың денсаулығын жақсартуға ықпал етеді, себебі атқа мініп, баяу жүру денені басқаруға үйренуге, қимыл-қозғалыс және сөйлеу белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді», - дейді Л.Дробышева.

Бірақ Қазақстанда иппотерапия секілді сауықтыру әдісі әлі де болса кеңінен тарала қоймаған. Ол көп қаржы қажет болатындығына және жеткілікті дәрежеде мамандардың жоқтығына байланысты болса керек. Дегенмен бұл жаңаша әдісті дамыту жолында алғашқы қадамдар да жасалып жатыр екен. 2010 жылдың қазан айында «Мэри Кэй (Қазақстан)» компаниясының қайырымдылық көмек көрсетуімен жетім балалар, мүгедек балалар, соның ішінде сал ауруымен ауыратын балалар тәрбиеленіп жатқан «Ковчег» мекемесіне иппотерапиямен айналысу үшін понитұқымдасатсатып алынған.