Ирак алкоголь өнімдерін әкелуге, сатуға және өндіруге тыйым салды

АММАН. ҚазАқпарат - Ирак билігі алкогольді ішімдіктерді өндіруге, елге әкелуге және сатуға ресми түрде тыйым салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Таяу Шығыс елінің Әділет министрлігіне сілтеме жасап.

Фото: myseldon.com

Әділет министрлігінің «Ирак ресми газеті» алкогольді сусындарды сатуға, әкелуге және өндіруге тыйым салатын муниципалды импорт заңын жариялады.

Заңға сәйкес, бұл шешімді бұзған кез келген адам он миллион динардан (3 миллион теңге) 25 миллион динарға дейін (17 миллион теңгеге жуық) айыппұл төлейді. Заң 20 ақпаннан қолданысқа енгізілді.

Бүгінгі таңда алкогольді ішімдік шығаратын көптеген компаниялар Бағдад, Мосул және Күрдістан аймақтарында жұмыс істейді.

Ирак, әсіресе Сирияның солтүстік-шығысындағы күрдтер тұратын аудандар үшін алкогольдің негізгі өндірушісі болып табылады. Себебі Ирак өнімі Сирия үкіметінің бақылауындағы аудандарда шығарылатын алкогольмен салыстырғанда әлдеқайда арзанырақ.

Иракта алкоголь өндіру бизнесі сауда нүктелері есебінен өсті. Олар өнімді ел ішінде ғана емес, сондай-ақ көршілес Сирия мен Түркия қалаларына жеткізіп отырды.

Иракқа Саддам Хусейн басшылық еткен тұста мұсылмандарға алкогольді ішімдік сатуға тыйым салынды, ал басқа конфессия өкілдері алкогольді арнайы лицензиямен сататын. Бүгінде Ирактағы ішімдік сататын дүкендердің көпшілігі христиандарға немесе езид қауымдастығынан шыққан адамдарға тиесілі.