Ирак Әскери әуе күштері «Әл Каида» бекіністеріне әуеден соққы жасауда

АСТАНА. 6 қаңтар. ҚазАқпарат - Ирактың үкіметтік әскері батыстағы Анбар өлкесіндегі Фаллуджа мен Рамади қалаларына әуеден соққы жасауда.

Түрлі мәліметтерге қарағанда, жексенбі күні 30-дан астам исламшыл содырдың көзі жойылған.

Араб БАҚ-тарының хабарлауынша, күні кеше Бағдаттың үкіметтік шенеуніктері Анбар өлкесінде қоныстанған түрлі тайпалардың ақсақалдарымен Ирак Ислам Республикасы мен Левант аумағындағы «Әл Каида» ұйымының тармақтарымен күресте әскерге қолдау көрсетуге көндіру мақсатында кездескен. Айта кетерлігі, аталған топтың содырлары Евфрат өзені жағалауындағы Рамади мен Фаллуджа қалалары ауданының бір бөлігін басып алғандықтарын мәлімдеген болатын.

«Ирак пен Левант ислам мемлекеті» қозғалысы тек Ирак аумағында әрекет етіп отырған жоқ. Олар Сирия жанжалында да үкіметке қарсы оппозицияның негізгі күштерінің бірі саналады.

Бұған дейін АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Вашингтонның «Әл Каидамен» күресте Бағдаттың іс-шараларын қолдайтындығын, бірақ ол жаққа әскер жіберуге ниетті емес екендігін мәлімдеген болатын.