Ирак Киркук-Джейхан құбыр желісі арқылы Түркияға мұнай экспортын қайта бастады

Фото: Anadolu Ajansi

АСТАНА. KAZINFORM – Ирак Күрдістанның табиғи ресурстар министрлігі екі жылға жуық үзілістен кейін стратегиялық маңызды Киркук-Джейхан құбыры арқылы Түркияға мұнай экспортын ресми түрде қалпына келтірді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Жеткізуді қалпына келтіру туралы келісімге тараптар арасындағы ұзақ және қарқынды келіссөздер нәтижесінде қол жеткізілді. Мұнай экспорты 27 қыркүйек күні таңертең Астана уақытымен таңғы сағат 6:00-де басталды. Мәлімдемеде атап өтілгендей, қажетті техникалық дайындықтар алдын ала жүргізілді. 

Естеріңізге сала кетейік, Киркук-Джейхан бағыты бойынша мұнай жеткізу 2023 жылы Ирак федералды үкіметі мен Ирактың Күрдістан аймағы үкіметі арасындағы саяси және құқықтық келіспеушіліктерге байланысты тоқтатылды. Екі тарап табиғи ресурстарды экспорттау бойынша өкілеттіктерді бөлуге қатысты Конституцияның әртүрлі құқықтық түсіндірмелерін алға тартты.

Бұған дейін қыркүйек айының ортасында Қазақстан Баку-Тбилиси-Джейхан құбыры арқылы мұнай экспортын қайта бастағаны хабарланған болатын.