Ирак мұнай өндіру көлемін тәулігіне 10 млн баррельге жеткізуді көздейді

АСТАНА. KAZINFORM — Бағдад мұнай өндіру көлемін арттырып, елдің энергетикалық қажеттілігіне жұмсалатын газ шығынын азайтуды көздеп отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі.

Фото: Shafaq News

22 қарашада Ирак премьер-министрі Әли Фалех әз-Заиди 2032 жылға қарай мұнай өндіруді тәулігіне 10 млн баррельге жеткізу мақсатында мұнай кен орындарын игеруді жеделдетуді тапсырды.

Ирак үкіметі басшысы баспасөз қызметінің хабарлауынша, премьер-министр бұл тапсырманы Бағдадта Ұлыбританияның BP мұнай-газ компаниясының бас директоры Мег О’Нилмен кездесу барысында берген.

Премьер-министрдің энергетика мәселелері жөніндегі орынбасары мен мұнай министрі қатысқан кездесуде Басра провинциясындағы Румайла, Ди-Кар провинциясындағы Эриду және Ирактың солтүстігіндегі Киркук кен орындарында геологиялық барлау жұмыстарын кеңейту және мұнай өндіруді дамыту перспективалары талқыланған.

Бұл жобалар үкіметтің 2032 жылға қарай мұнай өндіру көлемін тәулігіне 10 млн баррельге жеткізу жоспары аясында қарастырылып отыр.

Бұған қоса Әз-Заиди кен орындарындағы жұмысты жеделдетіп, өндірістік жоспарларды уақытында орындау үшін жұмыс ауысымын ұзартуды тапсырды.

Сондай-ақ Ирак премьер-министрі мұнай өндіру кезінде бөлінетін газды жинау және пайдалану инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән берді. Оның сөзінше, газды алауда жағуды азайту ішкі нарыққа энергия ресурстарын жеткізуді көбейтіп, елдің өсіп келе жатқан сұранысын қамтамасыз етуге жол ашады.

Ал BP компаниясының бас директоры Мег О’Нил Ирактағы қызмет аясын кеңейтіп, заманауи технологияларды енгізу арқылы мұнай өндіру көлемін арттыруға үлес қосуға дайын екенін жеткізді.

ОПЕК мәліметінше, 2026 жылғы қазанда Ирак тәулігіне 4,888 млн баррель мұнай өндірген.

Сонымен қатар үкімет 2032 жылға қарай бұл көрсеткішті 10 млн баррельге жеткізуді көздеп отыр. Демек, мұнай өндіру көлемін қазіргі деңгейден екі еседен астам арттыруға тура келеді.

BP компаниясы Ирактағы ірі мұнай-газ жобаларына да қатысады. Атап айтқанда, 2025 жылы компания North Oil Company және North Gas Company мемлекеттік кәсіпорындарымен Киркук кен орындарын қалпына келтіру және игеру жөнінде келісімге келген. 

Құжатта газ инфрақұрылымын, оның ішінде газ өңдеу нысандарын дамыту да қарастырылған. Сондай-ақ BP Басра провинциясындағы Румайла кен орнын игеруге техникалық қолдау көрсетіп отыр.

Айта кетейік, мұнай өндіру кезінде бөлінетін газды алауда жағу Ирак энергетикасындағы өзекті мәселелердің бірі саналады.

Дүниежүзілік банктің дерегінше, 2025 жылы Иракта 24 млрд текше метрге жуық газ алауда жағылған. Ал бұл газды электр энергиясын өндіруге жұмсап, елдің сырттан келетін энергия ресурстарына тәуелділігін төмендетуге болар еді.

Бұған дейін Ирактағы ірі газ кен орындарының бірінде өндіріс тоқтағаны хабарланған болатын.