Ирак парламенті сайлау туралы жаңа заңды бірауыздан қабылдады
деп хабарлады дүйсенбі күні Франс Пресс агенттігі ел парламентінің спикері Ияд ас-Самарраидің мәлімдемесіне сілтеме жасап.
Парламентшілердің дауыс беруі жексенбі күні түнде аяқталды.
Рейтер агенттігінің ақпаратына сәйкес, Ирак вице-президенті Тарик әл-Хашеми, парламенттің шешімін құрметтейтінін және жаңа заңның парламентте шетелде тұратын ирактықтарға орын беруге қатысты тарауына ағымдағы жылы қарашаның 18-інде салған «ветоны алып тастауға» келісетінін мәлім етіп отыр.
Жаңа сайлау заңнамасы бойынша Ирак парламентіндегі депутаттық орындар 275-тен 325-ке арттырылады, оның 310 орны - Ирактың 18 провинциясының өкілдеріне берілсе, тағы 15 орын - дін өкілдері мен аз ұлттардың өкілдеріне берілмек.
Ирак парламенті жалпыхалықтық сайлау туралы жаңа заңды қарашаның 8-інде қабылдады. Сайлау келесі жылы қаңтардың 18-і мен 23-і аралығында өтеді деп жоспарланған еді. Әл-Хашеми мемлекет басшысы мен оның екі орынбасарынан тұратын Президенттік кеңестің құрамына кіреді. Олардың барлығы заңнамалық вето құқығына ие. Әл-Хашеми заңда шетелдерде тұратын ирактықтар үшін парламенттегі орынды 5 пайыздан 15 пайызға жеткізуге талпынған болатын.
Ирактан тыс жерлерде 4 миллионға жуық ел азаматы тұрады. Олардың көбісі, Әл-Хашеми сияқты - сүнниттер, кезінде шиит-сүннит соғыстары кезінде елден қашуға мәжбүр болғандар. Әл-Хашеми сайлау заңына вето салғаннан кейін, Ирактың Тәуелсіз жоғарғы сайлау комиссиясы 2010 жылдың қаңтар айының соңына белгіленген парламенттік сайлауға әзірлікті тоқтатып еді.
Ал бұл жайт өз кезегінде елдегі жағдайды ушықтырып, сондай-ақ АҚШ-тың 2010 жылдың жазына қарай Ирактағы әскери операцияларын тоқтатып, 2011 жылдың соңына дейін әскерін ел аумағынан толық әкету жоспарына кедергі болғалы отыр еді.