Ирак Сауд Арабиясына жасалған дрон шабуылына қатысты тергеуді бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Ирак билігі Сауд Арабиясының республика аумағынан ұшқышсыз ұшу аппараттары ұшырылғаны туралы мәлімдемесінен кейін оқиғаға байланысты тергеу жұмыстарын бастады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі хабарлады.

Фото: iraqinews.com

Ирак премьер-министрі Али әз-Заиди елдің күштік құрылымдарына Сауд Арабиясының Шығыс провинциясы мен Эр-Рияд маңындағы мұнай нысандарына бағытталған дрондар Ирак аумағынан ұшырылғаны жөніндегі мәлімдемені жан-жақты тексеруді тапсырды.

Бұл туралы сейсенбі күні Ирак үкіметінің ресми өкілі Сабах ән-Нуман мәлімдеді.

Оның айтуынша, құзырлы органдар қолда бар ақпарат пен дәлелдерді зерделеп жатыр. Егер шабуылға қатысы бар адамдар анықталса, оларға заң аясында тиісті шаралар қолданылады.

Сауд Арабиясы Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Түрки әл-Малики дрондардың Ирак аумағынан ұшырылғанын мәлімдеді. Эр-Рияд бұл шабуыл үшін Иран қолдайтын қарулы топтарды жауапты деп санайтынын айтып, қажет болған жағдайда өзіне қолайлы уақыт пен жерде жауап қайтару құқығын сақтайтынын жеткізді.

Өз кезегінде «Ирактағы исламдық қарсылық» бірлестігі Сауд Арабиясының айыптауларын жоққа шығарды. Бұл ұйым Иран қолдайтын бірнеше қарулы топтан құралғанымен, ресми түрде Ирактың мемлекеттік әскери қолбасшылығына бағынбайды.

Бірлестік өкілдері Эр-Риядтың мәлімдемесін негізсіз деп атап, Сауд Арабиясын Иракқа қарсы қандай да бір жауап шараларын қабылдамауға шақырды.

Оқиға аймақтағы шиеленістің әлі де сақталып отырған кезеңінде болды. Соңғы айларда Бағдад Ирактың АҚШ пен Иран арасындағы текетіреске тартылуына жол бермеуге тырысып келеді. Сонымен қатар үкімет мемлекеттік бақылаудан тыс әрекет ететін қарулы топтардың қызметін шектеу міндетімен де бетпе-бет келіп отыр.

Еске салайық, бұған дейін Иордания өз әуе кеңістігінде шығу тегі әзірге белгісіз екі ұшқышсыз ұшу аппаратын атып түсіргені хабарланған болатын.