Ираклий Кобахидзе Грузияның премьер-министрі лауазымына кандидат ретінде ұсынылды

Фото: Фото: Wikimedia

АСТАНА. KAZINFORM – Ираклий Кобахидзені премьер-министр лауазымына қайта тағайындауды Грузиядағы қазіргі биліктегі партия «Грузин арманы – Демократиялық Грузия» негізін қалаушы Бидзина Иванишвили ұсынды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

— Партия Жарғысына сәйкес, құрметті төрағаның премьер-министрлікке кандидат ұсынуға құқықтары мен өкілеттіктері бар. Сондықтан Бидзина Иванишвили Ираклий Кобахидзенің кандидатурасын премьер-министр лауазымына ұсынғаны ешқандай тосын жағдай болмайды. Әрине, бұл ұсыныс саяси кеңес тарапынан толықтай қолдауға ие болды, — деді «Грузин арманы – Демократиялық Грузия»партиясының атқарушы хатшысы Мамука Мдинарадзе партияның саяси кеңесінің отырысынан кейін.

Оның айтуынша, парламент төрағасы қызметіне заң шығарушы органның қазіргі басшысы Шалва Папуашвилидің кандидатурасы ұсынылады.

Сонымен қатар жаңа шақырылымдағы парламенттің алғашқы отырысы 25 қарашада өтеді. Парламент өз құқығы мен өкілеттігіне кіріскеннен кейін, қазіргі үкімет премьер-министр басшылығымен автоматты түрде отставкаға кетеді. Министрлер мен премьер-министр жаңа үкімет тағайындалғанға дейін өз міндетін атқара береді.

Осыған дейін Грузиядағы оппозиция сайлауды қайта өткізуді талап етіп, халық көшеге шыққаны туралы жазған едік.