Иракта 40 келі уран ұрланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ирак билігі БҰҰ-ға «Ислам мемлекеті» тобының содырлары елдің солтүстігіндегі зертханадан уран ұрлағандықтарын мәлім етіп, оның қолданылу қаупінің алдын алуға шақырды, деп хабарлады шетелдік БАҚ.

Ирактың БҰҰ жанындағы елшісі Мохаммед Әли әл-Хакимнің Пан Ги Мунға жазған хатында Мосул қаласындағы университет аумағында сақталған шамамен 40 келі уран қоспасының экстремистердің қолына түскендігі айтылған. «Лаңкестік топ билік бақылауынан шығып кеткен нысаннан ядролық материалдарды басып алды», - делінген әл-Хаким хатында.

Дипломаттың атап өтуінше, мұндай материал жаппай қырып-жоятын қаруды жасау барысында кәдеге жарауы мүмкін. Сонымен қатар ол ұрланған ядролық заттың ел аумағынан тысқары шығарылу қаупі бар екендігін де атап өткен.

Ал АҚШ билігіне қатысы бар дерекөздің сөзіне қарағанда, содырлар ұрлап кеткен уран байытылмаған. Сол себепті ол ядролық қару жасауға жарамсыз.