Иракта екі теракті салдарынан 34 адам ажал құшты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Иракта екі лаңкестік актісі салдарынан 34 адам ажал құшты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Лента.ру-ға  сілтеме жасап.

Жанкеш-әйел Бағдаттан оңтүстікке қарай орналасқан Масаюб қаласының базарында қалың халық арасында өз-өзін жарып жіберді. 31 адам ажал құшып, тағы 35-і ауруханаларға жеткізілді. Кейбір зардап шегушілер ауыр халде жатыр. Медицина қызметкерлері теракті құрбандарының саны артуы мүмкін деп қауіптенеді. Полиция мәліметінше, жанкеш-әйел жарылғыш затты хиджабының астында жасырған.

Шамамен осы уақытта Кербела қаласындағы автобус аялдамасында тағы бір жарылыс болды. Үш адам қаза болып, 15-і жарақаттанды.

Екі жарылыс үшін жауапкершілікті ДАИШ лаңкестік тобы (Қазақстанда тыйым салынған) өз мойнына алды.