Иракта «Ислам мемлекеті» көшбасшыларының бірі өлтірілді

ӘБУ-ДАБИ. ҚазАқпарат - АҚШ бастаған Халықаралық коалиция Ирактағы Анбар провинциясының аумағында «Ислам мемлекеті» ұйымы көшбасшыларының бірін өлтірді.

АҚШ Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Питер Кук 6 мамыр күні зымыранның әуеден соққы жасауының нәтижесінде Рутба қаласының маңында «Ислам мемлекетінің» Анбар провинциясындағы әскери әміршісі Әбу Вахибтің өлтірілгенін мәлімдеді.

«Әл-Каиданың» бұрынғы мүшесі Әбу Вахибты Американың Ирактағы күштері қамауға алып, өлім жазасына кескен, бірақ ол 2012 жылы қамаудан қашып шыққан болатын.

Одан кейін оның есімі Ирак арқылы саяхаттаған сириялық жүк көліктерінің жүргізушілерін өлтірумен байланыстырылды.

АҚШ бастаған Халықаралық коалиция «Ислам мемлекетінің» Ирактағы позицияларын 2014 жылдан бері бомбалап келеді.