Иракта лаңкестік салдарынан 60-қа жуық адам қаза болды

АСТАНА. 18 мамыр. ҚазАқпарат - Ирак аумағында орын алған лаңкестік әрекеттерден жұма күні 60-қа жуық адам қаза тапты, деп хабарлайды Утро.ру жергілікті билік өкілдеріне сілтеме жасап.

Ең ірі лаңкестік актілер ретінде Ирак шығысындағы Дияла провинциясының Баакуба қаласында сунниттік мешіттің жанында болған екі жарылысты айтуға болады. Мұнда 41 адам қаза болды, кемінде 57 адам жараланды. Мұсылман жамағат жұма намаздан шығып келе жатқанда екі жарылғыш зат іске қосылған.
Кейін Бағдадтың оңтүстігінде орналасқан Мадаин қаласында тағы да екі жарылыс болды. Бомбалар сунниттердің жерлеу рәсімі кезінде жарылып, соның салдарынан 8 адам қаза тауып, 25 адам жарақат алды. Сунниттердің Фаллуджа қаласында орын алған жарылыстан тағы екі адам бақилық болып, сегізі жараланды. Киркук қаласында бірнеше адам, соның ішінде мемлекеттік қызметші атып өлтірілді.

Осыған дейін апта ішінде жарылыстар салдарынан кем дегенде 49 адам қаза тапты, 153-і жараланды. Жалпы мамыр айында елде 240 адам лаңкестік құрбаны болды.