Иракта Мосул қаласын азат ету операциясы басталды
02:47, 17 Қазан 2016
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ирактың Мосул қаласын лаңкестерден азат ету операциясы басталды, деп жазады «Хабар 24».
Әзірге «Ирак пен левант» содырларына қарсы АҚШ пен Франция әскери әуе күштері соққы беріп жатыр. «CNN Turk» телеарнасының хабарлауынша, құрлықтағы әскери әрекеттер әлі басталмаған. Ал содырлар бомба тастайтын ұшақтардың нысананы дәл көздеуіне жол бермеу үшін көлік резеңкелерін өртепті. Оған қоса қала маңайынан ор қазып, оларға жанармай құйып от қойған.
Ақпараттарға қарағанда, Мосул қаласында шаһардың өзге бөліктерімен қатынас жасайтын, тіпті одан шығып кететін жер асты жолы бар.
Еске сала кетейік, лаңкестер Иракта үлкендігі жағынан екінші орында тұрған Мосул қаласын 2014 жылы басып алды. Түрлі мәліметтерге қарағанда, онда 5 мың содыр мен 700 мың бейбіт тұрғын болуы мүмкін.