Ирактағы жарылыстың құрбандары 42 адамға жетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ирактың оңтүстігіндегі лаңкес-жанкештінің шабуылы нәтижесінде опат болғандардың саны 42-ге жетті, кем дегенде 115 адам жарақат алды. Бұл туралы жергілікті билік хабарлады.

Оқиға жексенбі таңертең ел астанасы Бағдаттың оңтүстігінде 95 шақырым жерде орналасқан Эль-Хилла қаласындағы өткізу бекетінде орын алды.

Жанкешті шағын автобуста жасырынған жарылғыш құрылғыны іске қосқан. Осының салдарынан 50-ге жуық көлік өртенген, олардың көбінде жолаушылар отырған көрінеді. Жарылыс толқыны сонымен қатар ежелгі Вавилон архелогиялық қазба аумағында орналасқан өткізу бекетін де қиратты, деп жазады Associated Press.

БҰҰ мәліметі бойынша тек 2014 жылдың қаңтарында Анбар провинциясындағы жауынгерлік қақтығыстардың құрбандарын есепке аламағанда, Иракта 733 адам жер жастанды.