Ирактың соғыс аймағынан шығарылған отандастарымыз елге жетті

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ирактың соғыс жүріп жатқан аймағынан ресейлік тараптың көмегімен шығарылған Қазақстанның 4 азаматы Отанына оралды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ирактың соғыс жүріп жатқан аймағынан ресейлік тараптың көмегімен шығарылған Қазақстанның 4 азаматы отанына оралды. Олардың арасында 1985 жылы дүниеге келген әйел мен оның кәмелетке толмаған үш баласы бар. Қазақстан азаматы саналатын  тағы 3 бала мен олардың Ресей азаматшасы саналатын анасы Грозный қаласына жеткізілді. Олар қазіргі уақытта да сол жерде. Екі отбасы да Ақтау қаласының тұрғындары», - деп жазды ол.

Министрлік өкілінің сөзіне қарағанда, қалған қазақстандықтар әлі де Иракта. Қазіргі уақытта Қазақстанның Иорданиядағы консулы  оларды отандарына қайтару мәселесімен айналысуда.

«Қосымша ақпарат сәл кейінірек берілетін болады», - деді Жайнақов.